Жаңалықтар

Тимур Сүлейменов доллар бағамын шектеп ұстауға қарсы

шекті доллар
Сүлейменов шекті доллар бағамы девальвацияға жетелейтінін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамын шектеп ұстауға қарсы. Сенат отырысында ҰБ басшысы доллар бағамын шектеу нарықта теңгерімсіздік туғызып, девальвацияға апаратынын айтты.

Жиында депутат Сергей Карплюк Қазақстанның еркін доллар бағамы саясатын ұстанатынын, дегенмен Ұлттық банкте интервенция жүргізіп, нарыққа ықпал ету тетігі бар екенін айтты. Депутат еркін доллар бағамы Қазақстанда инфляцияның артуына ықпал етіп отырғанын айта келе, банк төрағасынан қандай саясатты ұстану ел экономикасы үшін ұтымды болатынын сұрады.

Сүлейменов қазіргі еркін доллар бағамын ұстану ел үшін тиімді екенін, ал шекті доллар бағамы саясатын ұстанудың соңы девальвацияға апаратынын айтты. 2014-2015 жылдары шекті доллар бағамы саясаты нәтижесі құнсыздануға әкелгенін еске салды.

«Біздің экономикалық модель жағдайында бұл саясатты жүзеге асырыла алмаймыз. Өйткені мұнайға белгілі бір дәрежеде тәуелдіміз және оның бағасының ауытқуларына байланысты нарықта теңгерімсіздік пайда болады. Теңгерімсіздік жинала келе, құнсыздануға алып келеді. Біз мұндай құбылысты 2014, 2015 жылдары көрдік. Теңгерімсіздік шарықтау шегіне жеткені сонша, мемлекет доллардың шекті бағасын ұстап тұру үшін 30 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсады. Бірақ түбінде шекті доллар бағамы ешқандай маркоэкономикалық нарықтық параметрге сай келмейтінін мойындауға мәжбүр болды. Соңы девальвацияға ұласқан еді»,– деді банк өкілі.

ҰБ басшысы нарықтық экономикада, шетелмен сауда жасайтын, ашық экономикадан 50%-дан астам экспорттық кіріс алатын мемлекеттің доллар бағамын шектеп ұстап отыра алмайтынына баса назар аударды.

«Бұл жолдың соңы – девальвацияға апарады. Сондықтан да біз қазіргі таңда сарапшылар арасында айтылып жатқан әңгімелерді қолдамаймыз»,– дейді банк басшысы.

Сонымен бірге Сүлейменов шекті доллар бағамына қатысты тәуекелдерге де тоқталып өтті. Айтуынша, мұндай саясат нәтижесінде ел АҚШ долларына тәуелді болып қалады. Неге десеңіз, нарық толық долларға көше бастайды. Ал нарықтың ірі ойыншылары корпорациялар мен банктер кімет пен Ұлттық банктің емес, АҚШ-тың федералды қоры ұсынған доллар саясатына қарай ыңғайланатынын айтты.

«Өз еліңнің ақша-несие саясатын біреуге тәуелді ету – өте қауіпті құбылыс. Мұны ақылға қонымды шешім деп санамаймын. Еркін валюта бағамы экономиканың көрсеткіші іспетті. Егер экономикаң өссе, төлем балансың мықты болса, нығая түседі. Яғни бұл үрдістер бірқалыпты жүріп, нарық заңдарына сәйкес жүзеге асады. Қазіргі валюта бағамының режимі біздің жалпы экономикалық макроэкономикалық модельге сәйкес келеді»,– деді Сүлейменов.

Айта кетейік, қараша айында теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін қымбаттады. Қазақстан қор биржасындағы күндік орташа сауда-саттық көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Жалпы қараша айында биржада 5,5 млрд долларға тең валюта сатылған.