Жаңалықтар

Сауд Арабиясында әлемдегі ең ұзын метро жүйесі іске қосылды

Сауд Арабиясында әлемдегі ең ұзын әрі машиниссіз басқаралытан метро жүйесі іске қосылды / Фото: ашық дереккөзден

1 желтоқсанда Сауд Арабиясы ең ұзын метро жүйесін іске қосты. Бір ерекшелігі, бұл пойыздарды машинист басқармайды. Бұл туралы шетелдік басылымдар хабарлады.

Эр-Рияд қаласында ашылған ірі метро жүйесінің әзірге тек 3 желісі ғана іске қосылған. Бұл үш желінің ұзындығы 176 шақырымды құрайды. Қаңтар айында қосымша желілер ашылған соң, бұл қашықтық ұзара түспек. Метро жүйесі Сауд Арабиясының негізгі аудандарын байланыстырып, ел астанасындағы кептеліс мәселесін шешуі керек.

Ал құрылысы толық аяқталған соң, теміржол желісі тәулігіне 3,6 млн жолаушыны тасымалдайды деп жоспарланып отыр. Бұл метро жүйесі көлік кептелісі мәселесін шешіп қана қоймай, көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына шамамен 12,5 миллион тоннаға азайтады деп жоспарланып отыр.

Іске қосылған метро жүйесінде барлығы 85 метро станциясы бар. Олардың ішінде ең танымалы King Abdullah Financial District станциясы.

Жалпы адам тасымалдаумен 69 Alstom Metropolis және 47 Innovia Metro пойыздары айналысады. Олар әртүрлі санатқа бөлінген.

Айта кетейік, Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салман елде туризмді дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені елде 2030 жылы Дүниежүзілік EXPO көрмесі өтеді. Ал 2034 жылы футболдан әлем чемпионаты өтуі мүмкін.