Алматы қалалық полициясы айдауылдан қашып кеткен тұтқынның іздестіріліп жатқанын хабарлап, оның жеке ақпаратын жария етті.
Полиция мәліметінше, оқиға 4 желтоқсан күні кешке болған.
«Алматы қалалық полициясы кеше кешке айдауылдау қызметінің көлігінен қашып кеткен 1996 жылы туған К.Е.Аубакриді іздейді»,- делінген полиция хабарламасында.
Полиция іздестіріліп жатқан азаматты – бойы 165-170 см, дене болмысы – арықтау келген, шашы қара, көзі қоңыр деп сипаттаған. Сонымен бірге оның ерекше белгісі ретінде мұрнының қисықтығы айтылған.
Полиция К.Е.Аубакридің қайда екенін білетін адамдардың мына нөмірге хабарласуын сұрайды: 8-701-758-67-60; 8-778-158-54-44; 254-40-42 немесе 102.
Еске сала кетейік, 10 қараша күні әлеуметтік желіде азаматтық некедегі жарын өлтірген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден қашып кетті деген ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігінің жанындағы қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.