2024 жылы Ұлттық қорға жоспарлы 1,5 трлн теңге қаражат түспейді. Депутат Серік Өтешев мұнай өндірісіне қатысты жоспардың орындалмауына байланысты және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты Ұлттық қорға түсетін түсімдер тіпті азаюы мүмкін деген күдігін айтты.
Депутат 2024 жылы мұнай өндірісі бойынша жоспардың 95,4 млн тоннадан 90,3 млн тоннаға дейін төмендеуіне байланысты Ұлттық қорға түсетін қаражаттың 1,5 трлн теңгеге азайтылғанын айтты. Яғни Ұлттық қордағы қаражат алғашқыда жоспарланған 32,4 трлн теңгенің орнына 30,3 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Ал 27 қарашада Энергетика министрі мұнай өндірісінің көлемі жыл соңына қарай 90,3 млн тонна емес, 88,4 млн тонна болатынын мәлімдеді.
«Мұнай өндірісімен қатар, мұнай бағасы да төмендеп жатыр. Бұл Ұлттық қорға түсетін нақты түсімдер сіз болжағаннан да төмен болады дегенді білдіре ме? Осы орайда Ұлттық қорға түсетін қаражат сіздер әлеуметтік экономикалық даму жоспарын әзірлегенде, мұнай өндірісі көлемінің төмендегенін неге ескермедіңіздер. Өйткені бұл Ұлттық қорға түсетін қаражатқа тікелей әсер етеді», – деді депутат.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұнай өндіру көлеміне қатысты Энергетика министрлігі берген болжам өзгеруі мүмкін екенін айтты. Өйткені кен орындарындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, кен орындары толық көлемде жұмыс істеп жатыр.
«Біздің болжамымыз бойынша мұнай өндіру көлемі 90,3 млн тоннаны құрап отыр, ал Энергетика министрлігі 88,4 млн тонна деп болжайды. Өздеріңіз білесіздер, мұнай өндірісіне ауа райы да әсер етеді. Десе де, қазіргі таңда Теңіз бен Қашаған да жөндеу жұмыстары аяқталды. Осы орайда мұнай өндіру көлемі артып, жоспарланған 90,3 млн тонна көлеміне жетеді деп болжап отырмыз», – деді министр.
Осы орайда Байбазаров Ұлттық қорға түсетін қаражат көлемі де азаймайтынын, 1,5 трлн теңге көлемінде түсім түспейтіні жөніндегі болжамы өзгермейтінін мәлімдеді.
«Ұлттық қорды басқарудан түсетін пайда орта есеппен 3 пайыздан асады деп болжаймыз. Жылдың аяғына дейін рентабельділік 2,7 триллион теңгені құрайды. ал келесі жылы 5,8 трлн түседі деп болжап отырмыз»,- деді министр.