Амилай әскери борышын өтейді. Алматы қаласы Қорғаныс басқармасы трансгендерлердің парыздан жалтаруының ешқандай негізі жоқ екенін хабарлады.
Құзырлы органның мәліметінше, жасы толған барлық азаматқа шақырту жіберіледі. Әлеуметтік мәртебесі, қызметі және басқа да факторлар ескерілмейді.
«Стандартты хабарландыру рәсімі аясында, 2000 жылы туылған Б. деген азамат қорғаныс ісі басқармасына шақырылды», – делінген хабарламада.
Басқарманың айтуынша, оның әскерге бару-бармау мәселесін медициналық құжаттар негізінде дәрігерлер шешеді.
«Алматы қорғаныс департаменті теңдік және заңды сақтау қағидатын ұстанады. Барлық азаматқа бірдей амал жасалады», – дейді басқарманың баспасөз қызметі.
Мұның алдында Амилайға әскерге шақырту қағазы келгені туралы ақпарат тараған болатын. Қоғам трансгендерді әскерге алу-алмау туралы мәселені қызу талқылап отыр.