Украина бейбіт келіссөздерге дайындалу үстінде. Жақында жария етуге оқталып отыр. The Wall Street Journal мәліметінше, Киев қазірдің өзінде АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың болашақ әкімшілігімен келіссөз бастап үлгерген.
Басылымның хабарлауынша, Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Вашингтонда Трамп Ресей мен Украина арасындағы жанжал бойынша арнайы елші қызметіне тағайындаған Кит Келлогпен және АҚШ-президентінің қауіпсіздік жөніндегі болашақ кеңесшісі Марк Уолтцпен кездескен. Талқылауға АҚШ-тың болашақ вице-президенті Джей Ди Вэнс қатысқан.
WSJ дерегіне сүйенсек, Келлог Ермакқа Украинаға қару жеткізу жөніндегі Джо Байден әкімшілігінің әрекетін қолдайтынын мәлімдеген. Өйткені, бұл жайт Трамқа бейбіт келіссөздерде Мәскеуге қарсы «қысым тетігі» болмақ.
Алайда жаңа сайланған АҚШ президентінің командасы Украинаның НАТО-ға қосылу идеясына аса қызығушылық танытпаған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер таяу арада басталуы ғажап емес.
Мұның алдында қазақстандық саясаттанушылар Трамптың Ресей мен Украина арасындағы соғысты қалай тоқтатуы мүмкін екені туралы болжамдарын жария еткен едік.