Қандай тұрғындарға газ үшін 24%-ға дейін жеңілдік жасалады?
Энергетика министрлігі тауарлық газ үшін кімдерге 24%-ға дейін жеңілдік жасалатынын мәлімдеді. Оған «Әлеуметтік әмиян» арқылы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алуға мәртебесі бар азаматтар қол жеткізеді.
Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлесе отырып, 2024 жылы желтоқсанда пилоттық жобаны іске қосуды көздеп отыр. Алдымен Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысындағы аталған мәртебесі бар адамдар жеңілдік алады.
Бұл үшін осы аймақтардың тұрғындары eGov Mobile қосымшасын ашып, басты беттегі «Әлеуметтік әмиян» сервисіне жүгінуі тиіс. Әлеуметтік және тұрғын үй жәрдем алуға мәртебесі бар тұрғындарға 1414 нөмірі арқылы ваучер түрінде газға жеңілдік туралы SMS-хабарлама келеді.
Тек «Әлеуметтік әмиян» қызметінде ваучерді қосып, мекенжайының есеп-шотын көрсетуі қажет. Қолайлылық үшін үй-жай құжаттарын өткізу талап етілмейді.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл жоба бес ай сынақтан өтеді. Сосын цифрландырылып, өзге облыстарда қолға алына бастайды.
Бұл бастама Президенттің биылғы Жолдауында көтерілген. Онда шын мұқтаж адамдарға мемлекеттік көмек көрсетуге тапсырма берілген болатын.