Оңтүстік Корея полициясы ел президентінің үстінен тергеу бастады
Оңтүстік Корея полициясы ел президенті Юн Сок Йолдың үстінен «бүлік шығарды» деген күдікпен тергеу бастады.
AFP хабарлауынша, Ұлттық тергеу басқармасының директоры У Чжон Су корей депуттарына осындай мәлімдеме жасаған.
«Заңға және рәсімдерге сәйкес, мұқият тергеу жүргіземіз», – деген У Чжон Су.
Оның сөзіне қарағанда, бұл – бұрын-соңды болмаған іс. Сондықтан ол қауіпсіздікке жауап беретін арнайы бөлімшеге тапсырылып отыр.
Президенттен бөлек, Оңтүстік Корея оппозициясы Ұлттық тергеу басқармасынан бұрынғы қорғаныс министрі Ким Йон Хённың, Армия штабының бастығы Пак Ан Судың, ІІМ басшысы Ли Сан Миннің және өзге де лауазымды тұлғалардың үстінен тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Айта кететін жайт, өткен түнде Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай жариялады. Ол «солтүстіккореяшыл күштерді тазартып, либеральды конституциялық құрылымды сақтау» үшін осындай қадамға барғанын мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, оппозицияның бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға импичмент жариялауға ұмтылуы билікті сал етіп қоймақ.
Оңтүстік Корея парламенті әскери жағдайды алып тастауға дауыс берді. Отырысқа 300 депуттаттың 190-ы қатысып, бірауыздан шешім қабылдаған.
Артынша президенттің әкімшілігі отставкаға кетті. Қорғаныс министрі де қызметінен шеттетілді.