Қазақстандықтардың ломбард алдындағы қарызы банктен несие немесе ипотека алуға кедергі жасамайды. Бірақ кредиттің мақұлдануына ықпал етеді. Өйткені ломбардқа өтелмеген борыш жалпы қарыз жүктемесі болып есепке алынады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Кредит немесе ипотека рәсімдеуге өтініш берген адамның банктер қаржылық әлеуетін және төлем қабілетін тексеретіні мәлім. Бұдан бөлек, алимент, айыппұлдары, өзге де қарыздары да жіті қарастырылады.
Қарыз алушының төлемге қабілетті екені дәлелденсе, кредитті мақұлдау мүмкіндігі арта түседі. Ол үшін қарыздарын өтеп, құжаттар ұсыну қажет.
«Бұл жерде бірнеше жағдайды ескеру қажет. Мәселен, ломбардтар кредиттік бюроларға микрокредиттер туралы ақпарат беруге міндетті. Бұл ақпарат несие тарихына жазылады. Кредит есебінде көрсетіледі», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Ломбардтар мерзімі өткен соң, бағалы бұйымды 30 күн сақтайды. Содан кейін ғана сатуға құқылы болады. Кепіл ретінде өткізілген бұйым сатылса, кепіл шартты бұзылды деп есептелінеді. Қарыз алушының да міндеттері өздігінен жойылады.
Мұның алдында 15 қарашада Алматыда өткен қаржыгерлер конгресінде «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтардың қымбат бұйымдарын ломбардқа өткізген кезде о бастан-ақ қайтарып алуды көздемейтінін, мұның кредит тарихын бұзатынын ескерткен болатын.
Оның айтуынша, қазір клиенттерге төлем қабілетін дәлелдеу оңайға соқпай тұр. Өйткені, қарыз тым көбейген. Микрокредиттік ұйымдарға деген тұрғындардың берешегі 2,5 трлн-ға жуықтапты. Ал қазақстандықтардың ломбардтарға қарызы 250 млрд теңге теңге болып отыр.