Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауы туралы әңгіме – спекуляция

«Осындай әңгімелердің кесірінен «Әділетті Қазақстанды» көп айтпайтын болдық»/фото: Kursiv.media мұрағаты

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жақында президент, парламент сайлауы өтеді деген қауесетті жоққа шығарды. Оның пікірінше, бұл – әлдебір топтың әдейі шығарып жүрген спекуляциясы. Сондай қауесеттердің кесірінен «Әділетті Қазақстан» көп айтылмай қалған.

«Мерзімінен бұрын сайлау өтеді деген әңгімелерді белгілі бір мақсатты көздеген адамдар таратып жүр. Бұған ешқандай негіз жоқ», – деді Мәулен Әшімбаев.  

Сенат Төрағасының пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ел алдына нақты міндеттер қойып отыр. Қазір соған баса назар аударған жөн.

«Біз экономикамызды әрі қарай дамытып, тұрақты, сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз қажет. Ол міндеттер мемлекет басшысының Жолдауында айқындалды. Қазір мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру шаралары орындалып жатыр. Билік тармақтарын, сот жүйесін және басқа да бағыттарды нығайту тұрғысынан институттарды дамыту жұмыстары атқарылу үстінде», – деді сенатор.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы тапсырмалар мен бастамаларды, бағдарламаларды нақты және уақтылы орындау ләзім.  Сондықтан осы бағдарламаларды қалай жүзеге асырамыз деп ойланған жөн.

«Бұл әңгімелер – спекуляция және инсинуация. Бұл тақырыпты кімнің коздырып жатқанын аңғару қиын емес. Бұл әңгімелер әдейі таратылып, негізгі күн тәртінбегі мәселелерден назарды аударғысы келеді. Біздің күн тәртіндегі басты мәселеміз – әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, саяси-экономикалық жүйені жаңарту, адамдардың тұрмысын жақсарту. Бүгін талқылап жатқан мәселелер осыған бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.

Десе де, сенат төрағасы бұл топтың кімдер екенін нақтылауды өтінген сауалды жауапсыз қалдырды.  Бірақ журналистерді спекуляция және инсинуацияны әрі қарай таратпауға шақырды. Өйткені, мұндай әңгімелер басты нәрселерден біздің назарымызды бұрып әкетеді екен.

Маулен Әшімбаевтың пікірінше, басты нәрселер – гендерлік саясат, теңгенің тұрақтылығын сақтау, экономиканың шикізатқа тәуелділіктен арылту, тұрмысты түзету, азаматтық қоғамды дамыту.

«Бұл мәселелер кезек күттірмейтін маңызға ие. Осы мәселелерге мұқият көңіл бөлуге тиіспіз. Мұндай әңгімелердің артында кімнің тұрғанын уақыт көрсете жатыр. Мұны әлдебір топтар белгілі бір пиғылмен әдейі таратуы мүмкін. Біз Президентімізге қолдау көрсетуіміз керек. Осындай әңгімелердің кесірінен «Әділетті Қазақстанды» көп айтпайтын болдық», – деп өкінді Сенат төрағасы.