«Өзенмұнайгаз» жұмысшылары наразылық акциясын тоқтатып, толық жұмысқа шықты
«Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары толығымен жұмысқа шықты. Бұл туралы «Қазмұнайгаз» ҰК баспасөз қызметі хабарлайды.
5 желтоқсанда компания мен жұмысшылар кәсіподағы арасында кезекті келіссөздер өтті. Осының нәтижесінде акцияны тоқтатып, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бұрғылау жұмыстары басқармасының қызметкерлері толық құраммен жұмысқа шықты.
«Түсіндіру мен талқылауды талап ететін мәселелер бітімгерлік комиссия отырысында заңға сәйкес құқықтық нормалар шеңберінде қаралатын болады», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.
3 желтоқсанда ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов жұмысшылармен кездескен еді. Ол наразылыққа шыққандардан жұмыс орындарына қайтуды сұрап, егер келіссе ешкімді тәртіптік жауапкершілікке тарпайтынын айтты. Бірақ кәсіподақ төрағасы ол шартқа қол қоюдан бас тартты.
Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысшылары еңбек жағдайын жақсарту деген талап қойып, наразылық акциясына шыққан. Олар «Қазмұнайгаз» ҰК басшылығының келіссөзге келуін сұрап, талаптары орындалмайынша, райынан қайтпайтынын айтты.
Компания өз тарапынан жұмысшылары үшін барлық әлеуметтік пакеттер қарастырылғанын мәлімдеді.