Жаңалықтар

Кеңес Рақышев мұнай-газ саласындағы үлесін көбейтті

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кеңес Рақышев мұнай-газ секторындағы активін көбейтіп жатыр. Рақышев бақылайтын «Fincraft Group» 3 желтоқсанда Қазақстан қор биржасына «Tethys Petroleum Limited» компаниясындағы үлесін 20,03%-ға көбейтетіні жайлы ескерткен.

Кеңес Рақышев бұған дейін өзін IT және жаңа технологияға қаржы салған венчурлық инвестор ретінде көрсетіп келді. Бірақ былтырдан бері мұнай саласында белсенділік байқатты. 2023 жылы қыркүйекте Рақышевқа тиесілі Fincraft Resources қор биржасына «ARK Petroleum»-нің 50%-ын иеленгені туралы ескерткен.

«ARK Petroleum» 2023 жылы маусымда тіркелген, шикі мұнай және газ өңдеумен айналысады. Былтыр қазынаға 284 млн теңге салық төлеген.  Энергетика министрлігі 2023 жылы сәуірде өткізген электронды сауда нәтижесінде, «ARK Petroleum» ЖШС Маңғыстау облысындағы Шалба кен орнындағы 45 блокқа барлау, өндіру жұмыстарын жүргізу құқығын иеленді.

Қазір Кеңес Рақышевтың «Fincraft Group» компаниясы жоғарыда аталған кәсіпорыннан бөлек мұнай-газ саласындағы үш компанияға иелік етеді. Нақты айтқанда, «Nordland Petroleum Inc» 100%-ын, «Equus Petroleum Limited» 50%-ын және «Beineu Petroleum Limited» 40%-ын иеленеді.

Қазақстан қор биржасындағы мәліметке сүйенсек, Fincraft Resources акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, ал 9,46%-ы – Heathpoint Holdings Limited-ке тиесілі. Бірақ Fincraft Group қазір шығында.  Биыл алғашқы 6 айдағы шығыны 326 млн теңге деп есептелді.

Кеңес Рақышев –  Forbes Kazakhstan жариялаған Қазақстандағы ең бай 50 бизнесменнің қатарына кіреді. Дәулеті 435 млн доллар деп бағаланған.