Әрбір бесінші қазақстандық елден кетуді ойлайды

Жарияланды
Әрбір бесінші қазақстандық елден кетуді ойлайды / Фото: shutterstock

DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы қарашада халық арасында сауалнама жүргізіп, көші-қонға қатысты ойын зерттеді. Нәтижесінде әрбір бесінші респондент (сұралғандардың 21%-ы) елден көшу туралы ойланатынын айтқан.

Олардың ішінде 6,9%-ы алдағы екі-үш жыл ішінде елден кетуге ниеттенген. 5,6%-ы көшуді жоспарлағанмен, мүмкіндігі жоқ. Ал 8,4%-ы белгілі бір жағдай болса, басқа елге кетуді қарастырып отыр. Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 78,5%-ы әзірге Қазақстаннан көшу ойында жоқ екенін айтқан.

«Көшуге деген ниет көбінесе респонденттердің жасына байланысты. Ең көп ниет білдірген респонденттер – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалды. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25% көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ға жақын», – деп жазылған бюро хабарламасында.

DEMOSCOPE сұрақтарына жауап берген азаматтардың жартысына жуығы (45,9%) соңғы екі-үш жылда жақындары, достары немесе таныстарының өзге елге біржола көшіп кеткенін жеткізді. Айта кету керек, сауалнама респонденттерінің басым көпшілігі Қазақстанда туған. Оның ішінде 9,3%-ы елде 20 жылдан астам уақыт тұрып келді, ал 6,8%-ы Қазақстанда 20 жылдан аз уақыт тұрады.

Көпшілігі  жалақының төмендігі, өзі мен балалары үшін перспективаның жоқтығы елден көшіп кетуге себеп дейді. Одан бөлек сапалы білім, сапалы медициналық қызмет, кәсіби өсу мүмкіндігі, өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай, қолайлы экология мен климат басқа елге көшіп кетуге себеп екен. 

Зерттеу қазақстандықтар арасында эмиграцияға ең тартымды елдерді де анықтады. Ел азаматтары үшін АҚШ (7,7%), Ресей (6,2%), Еуропа елдері (5,1%), Түркия (4,6%) және Канада (2,6%) ерекше жақын екен.

Ресми дерекке сенсек, соңғы екі жылда елімізге келген адамға қарағанда кеткендер саны көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың алғашқы 9 айда Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, бірақ көшіп кеткендер саны екі есе аз.

Сондай-ақ оқыңыз