Қазақстанға инвестиция салған «Сибур холдинг» IPO-ға шығады
Қазақстанда полиэтилен мен полипропилен өндіретін компанияның акционері ресейлік «Сибур Холдинг» жақын арада IPO өткізеді. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып Reuters жазады.
Компания инвесторларына акцияның 2%-ын ұсынады. Кейбір сарапшылардың сөзінше, «Сибур Холдинг» 3 трлн рубль деп бағалануы мүмкін. Reuters жазуынша, 2022 жылы компания акционерлері құрамында Леонид Михельсон (30,6%) және Геннадий Тимченко (14,45%), қытайлық Sinopec және Жібек жолы қоры (8,5%-ден әрқайсысы), СОГАЗ (10,625%), ТАИФ (15%) және Сибурдың бұрынғы топ-менеджементі (12,325%) болған.
Компания IPO-ға шығу туралы жоспарын 2007 жылы жариялаған еді, бірақ кейінірек техникалық түрде дайын емес екенін хабарлады.
«Сибур Холдинг» – Қазақстан өндірісіне инвестиция салған шетелдік компанияның бірі. Биыл күзде елімізде Silleno компаниясы полиэтилен шығаратын зауыт құрылысын бастады, ол 2029 жылы аяқталуы тиіс.
Зауытта полиэтиленнің 22 түрін шығару жоспарланған, оның 40%-ы премимум санаттағы өнім болуы керек. Ал компания акционерлерінің қатарында ресейлік «Сибур Холдинг» (30%), «Қазмұнайгаз» (40%) және қытайлық Sinopec Overseas Investment Holding (30%) бар. Үш компания салған инвестиция көлемі 7,4 млрд долларды құрайды.
Акционерлер жобаны өз есебінен қаржыландырады және халықаралық банктен несие алуды жоспарлаған.