Желтоқсан басталысымен көпшілгі жылды қорытындылай бастайды. Кейінгі жылдары жеткен жетістігі, атқарған ісіне қоса, түрлі платформалардағы белсенділігін қорытатын тенденция қалыптасты. Бірі таксимен қанша уақыт, қандай қашықтық жүргенін есептесе, бірі қандай кино көріп, ән тыңдағанын жарыса жариялап жатады. Ал біз бүгін белгілі музыка платформаларында әлем бойынша ең жиі тыңдалған әндерге тоқталғымыз келіп тұр.
Spotify стримиң гиганты жыл соңына қарай дәстүрлі рейтиңін жариялап тұрады. Биыл да 12 айда жиі тыңдалған, қолданушылар ең жиі іздеген әншілер мен синглдар, альбомдар, подкастар мен аудиокітаптар шолуын назарға ұсынды. Әлемдік және британиялық тізімде ең жиі тыңдалған әншінің Тейлор Суифт екені ешкімді таңғалдырмас. Әншінің үлкен стадиондарды оңай жинап, альбомы жиі сатылған альбомдар қатарына енгенін бұған дейін де жазған едік. Оның «Мезі болған ақындар факультеті» атты 11-студиялық альбомы әлемде ең жиі тыңдалған альбомдар тізімін бастап тұр. Одан кейінгі орында Билли Айлиш пен 3-орында Сабрина Карпентер тұр. Ең жиі тыңдалған альбомдар тізімінде Кэрол Джи, Ариана Гранде, The Weekend тобының альбомдары кездеседі. Бұл тізімде Тейлор Суифтің аты үш рет аталған. Алғашқы орынды «Мезі болған ақындар факультеті» альбомына берсе, 6-орынды «1989», сегізінші орынды «Сүйіктім» альбомы иемденген.
Spotify әлемдегі топ-10 әнші қатарына Тейлор Суфит, The Weekend тобын, Бед Банни, Дрейк, Билли Айлиш, Травис Скотт, мексикалық әнші Песо Плума, Канье Уэст, Ариана Uранде, колумбиялық әнші Фейдті жатқызды.
Ал жиі тыңдалған әндерге тоқталсақ, бірінші орынды Леди Гага мен Бруно Марс дуэтінің «Күлімдеп өл» әніне берген. Тізімде «Қатар ұшқан құстар» әнімен Билли Айлиш, «Әдемі дүниелер» әнімен Бенсон Бун, «Бақылауды доғар» әнімен Тедди Суимс, «Іске сәт, жаным» әнін орындаған Шапель Роан, «Тым жақсы» әнімен Хозиер, «Біз дос бола алмаймыз» әнін орындаған Арианда Гранде, Джоның «Кіріспенің соңы», жоғарыда аталған Сабрина Карпентердің «Эспрессо» әні тұрса, тізімді Кендрик Ламар «Біз сияқты емес» әнімен қорытындылайды.
Подкастар рейтиңіне келсек, әлемде «Джо Роган тәжірибесі» подкасты жиі тыңдалған. Одан кейін «Әкесіне хабарлас», «Хюберман зертханасы», «Өткен апта», бесінші орында Стивен Бартлетт жүргізетін «СЕО-ның күнделігі», «Жалдамалы киллер», испан тілінде шығатын «Түнгі әңгімелер», «Қылмыскер нашақор», португал тілінде шығатын «Құдай әкеймен кофе», соңғы 10-орында испанша «Мариан Рохас Эстапенің подкасты» тұр.
Spotify-дың премиум нұсқасына жазылсаңыз, аудиокітап тыңдау мүмкіндігі де бар. Платформа биыл жиі тыңдалған кітаптар тізімін жасапты. Ендеше Spotify-дың үздіктеріне назар салайық:
1. «Тікен мен раушан соты» – Сара Маас
2. «Сақина бауырластығы» – Р.Р Толкин
3. «Анам өлгеніне қуанамын» – Дженнет Маккарди
4. «Тұман мен ашу соты» – Сара Маас
5. «Бәрі бізбен бірге бітеді» – Коллин Хувер
6. «Құдіретті болудың 48 қағидасы» – Роберт Грин
7. «Қанат пен үйінді соты» – Сара Маас
8. «Тақтар таласы: Мұз бен жалын әні» Бірінші кітап – Джордж Мартин
9. «Мұзжарғыш» – Ханна Грейс
10. «Төртінші қанат» – Ребекка Яррос
Ал авторлар ондығында Spotify Сара Маас, Р.Р.Толкин, Стивен Киң, Коллин Хувер, Фрейда Макфаден, Джордж Мартин, Роберт Грин, Эмили Хенри, Дженнет Маккарди мен Ханна Грейсті атап өткен.
Apple Music те қолданушыларға жиі тыңдаған әндер тізімін жасап берумен қатар әлемде жиі тыңдалған әндер мен әншілер тізімін назарға ұсынды. Платформаның айтуынша, биыл әйелдер үшін сәтті жыл болды. Әлемдік чарттарда 39 үздік деп танылған әнді әйел орындап, әйел жазған.
Apple Music қорытындысы Spotify рейтиңінен алыстай қоймады. Apple өнімі Тейлор Суфитті ерекше атап өтті. Өйткені рейтиңде әншінің бірнеше альбомы атап өтілген. Ал ең үздік әндерге тоқталсақ, жоғарыда оныншы орында көрінген Кендирк Ламар «Біз сияқты емес» әнімен алғашқы орынды иемденген. Одан кейін «Әдемі дүниелер» әнімен Бенсон Бун, Сабрина Карпентердің «Эспрессо» әні үшінші, Шабузидің «Бар әні» төртінші, Тейлор Суифтің «Аяусыз жаз» әні бесінші орынға жайғасқан.
Ән тауып беретін Shazam сервисі Apple Music-пен кросплатформалық жоба боп есептелінеді. Shazam арқылы тапқан әніңізді бірден Apple Music тізіміне қосып, тыңдай аласыз. Рейтиңде Shazam арқылы жиі ізделген әндер тізімі бар. Көпшілік платформа арқылы Бенсон Бунді жиі іздеген екен. Одан кейін Тедди Суимстің «Бақылауды доғар», ФлойМенор мен Крис ЭмДжи дуэтінің «Тек Гата» әні, Disturbed рок тобының «Тыныштық дыбысы», британиялық Артемастың «Мені сүйгенін ұнайды» әні жиі ізделгендер қатарында.
Apple Music-те сөзін жиі оқыған әндер тізімінде Creepy Nuts тобының «Блиң-Баң-Баң-Борн», Кендрик Ламардың «Біз сияқты емес», Сабрина Карпентердің «Эспрессо», Билли Алиштің «Қатар ұшқан құстар», Бенсон Бунның «Әдемі дүниелер» әндері бар.
Биылғы тізім осындай. Екі платформа қорытындысында айтарлықтай айырмашылық жоқ, сондықтан бір ауыздан биылғы үздіктер деп атауға келеді. Ал сіз биыл қай әнші мен әнді жиі тыңдадыңыз?