Еуразиялық даму банкі Қырғызстан Үкіметімен автожол құрылысына 200 мың доллар инвестиция бөлуге келісті

Жарияланды (жаңартылды )
Еуразиялық даму банкі Бішкек – Күнтуу – Белогорка – Суусамыр жолы құрылысын инвестииялайды/фото: asiatv.kg

Қырғызстан Үкіметі мен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Бішкек – Күнтуу – Белогорка – Суусамыр жолының құрылысына техникалық көмек көрсету туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Қырғызстан Көлік  және коммуникация министрлігі хабарлады.

Іскерлік кездесу Алматы қаласында өткен. Оған ЕАДБ төрағасының орынбасары Ярослав Мандрон мен банк өкілдері қатысты. Қырғызстан тарапынан шараға Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Бекжан Рысмендеев қашықтан қатысты. Бұған дейін бұл құжатқа министрлер кабинеті атынан Көлік министрі Әбсаттар Сырғабаев қол қойған.

ЕАДБ аймақтардың көліктік байланысын жақсартуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін ЕАДБ техникалық көмек қорынан 200 мың долларға дейін қаражат бөледі. Бұл жоба халықаралық көлік дәліздерін біріктіруге бағытталған Еуразиялық көлік шеңбері бастамасының бөлігі.

«Бішкек – Күнтуу – Белогорка – Суусамыр автожолының құрылысы республиканың экономикалық орталықтарының көліктік байланысын нығайтуға, сондай-ақ Қырғызстан жолдарының транзиттік әлеуетін арттыруға және көршілес елдердің Қырғызстан арқылы автокөлік тасымалына қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Еуразиялық көлік шеңберін дамыту үшін банк заманауи даму институттары ұсына алатын барлық құралды пайдаланады», –  деді ЕАДБ Басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Жаңа жол бағытының Қырғыз Республикасы үшін үлкен стратегиялық, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар. Көлік инфрақұрылымын дамытуға оң әсер етеді. Пайдалы қазбалар тасымаладйтын дәліз ашылады. Жаңа жұмыс орындары жасақталады.

«Қолданыстағы Бішкек – Ош тас жолы республиканың басты магистралі болып табылады. Ондағы қозғалыс қарқындылығы орташа есеппен тәулігіне 5 мыңнан 18 мың автокөлікке дейін жетеді. Бұл жол бұдан былай өсіп келе жатқан ағынға төтеп бере алмайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы елдің екі ірі қаласы Бішкек пен Ошты байланыстыратын негізгі көлік артериясындағы кептелістерді жоюға арналған. Оның республика экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту үшін де стратегиялық маңызы бар: жаңа жол қазіргі бағытқа қарағанда 164 шақырымға қысқа болады, оңтүстік өңірлерге баламалы жол пайда болады, игерілген кен орындары әлдеқайда көбейеді», – деді Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Бекжан Рысмендеев.

Сонымен қатар, шенеуніктің айтуынша, жаңа бағыттың салынуы халықаралық және ішкі туризм мен сауданың дамуына септігін тигізеді. Автобус қатынасы іске қосылып, маршрут құрылысы кезінде де, оны пайдалану кезінде де жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Сондай-ақ оқыңыз