Алқабилер соты СҚО-да кен орнын заңсыз жолмен игерді делінген «Тиолайн» атқарушы директоры Виктор Долгалевті ақтады

Жарияланды
Виктор Долгалев
фото: youtube.com/@baitassov_live, бильд-редактор: Дастан Шанай

Петропавлда қазылар алқасы «Тиолайн» компаниясының ортақ иесі әрі атқарушы директоры Виктор Долгалевті ақтап шықты.

Tengrinews.kz жазуынша, бұл істі алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот үдерісі алты айға жуық уақытқа созылды.

Виктор Долгалев пен оның ұлы (Обуховский тау-кен байыту комбинатының директоры) заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланды деген айып тағылды.  Тағы екі айыпталушы – кәсіпкер мен адвокатқа пара алды және алаяқтыққа шақырды деген күдік таңылды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов титан-цирконий кен орнына қатысты дау ұзаққа созылды. Титан-цирконий кен орнының жанынан тау-кен байыту комбинатын салған «Тиолайн» компаниясы 2004 жылы тіркелген. ЖШС басқаруында жеті құрылтайшы бар, оның қатарында Виктор Долгалев тіркелген. 2006 жылы компания Энергетика министрлігімен Обуховское кен орнында 2023 жылға дейінгі мерзімге титан-цирконий қазбасын (руда) өндіруге келісімшарт жасасты.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «Тиолайн» ЖШС құрылтайшылары арасында компания қызметінен түскен кірісті бөлуге қатысты дау-жанжал туындап, бірнеше рет сот процесіне ұласты.

Сотта белгілі болғандай, 2021 жылдың наурыз айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Тиолайн» ЖШС-на келісімшарт талаптарын жүйелі түрде орындамағаны үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберген. Долгалев бұл хабарламаға сотқа шағымданып, құқық қорғау органдарының пікірінше, заңсыз болған кен орнында жұмысын жалғастырды.

Айыптау қорытындысына сәйкес Долгалевтың жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін келтірілген шығын көлемі шамамен 4 триллион теңгені, ал заңсыз кәсіпкерлік қызметтен (кенді өндіру және сатудан) тапқан табысы 23 миллиард теңгеден астам кірісті құраған.

Сонымен қатар Виктор Долгалевке шенеуніктерге пара беруге әрекеттенді деген айып тағылды.

Пікірталас кезінде прокурорлар үш айыпталушыны – кәсіпкер Виктор Долгалев пен оның адвокатын он жылға, ал Долгалевтің ұлын 5,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Виктор Долгалев ешбір дерек бойынша кінәсін толық мойындаған жоқ.

2024 жылдың ақпан айында Қаржы мониторингі агенттігі «Тиолайн» компаниясының тең иесі Виктор Долгалевке қатысты тергеу басталғанын хабарлаған. Одан кейін оның аса ірі көлемде кіріс алуды көздейтін заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз