«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2025 жылы да жалғасады. Қаржы министрі Мәди Такиев келер жылы әр баланың шотына 118-120 доллар аралығында ақша түседі деп болжап отыр. Ал Ұлттық банк төрағасының болжамы басқа. Тимур Сүлейменов одан көп соманы атады.
Сенаттың жалпы отырысында сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Қаржы министрінен ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту және оның активтеріне қалай әсер ететіні жайлы сұрады.
«Осыған байланысты менің сұрағым: Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту оның активтеріне қалай әсер етеді? «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуына әсері қандай? Біз келешек ұрпақтың несібесіне қол салып, қол салғанда мол салып отырған жоқпыз ба? 2024 жылдың соңына дейін және келесі жылы қандай сома, соынмен қатар қанша қаражат аудару жоспарланып отыр? Сондай-ақ осы қаражаттардың инфлияциялық процестерге, әлемдегі мың құбылған экономикалық жағдайда құнсызданудан қалай қорғауға болады?» , – деп сауал жолдады сенатор.
Ведомство басшысы Такиев биыл 1 ақпаннан бастап шамаммен 7 миллион баланың шотына 100 доллар 52 центтен аударылғанын айтады.
«Сіздің сұрағыңызға келсек, бұл қаражаттың доллармен аударылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар бұл сома уақыт өте өсе береді. Биылғы инвестициялық табыс 2,6 пайызды құрады. Егер келер жылы бәрі ойдағыдай болса, 3 пайызға дейін өсім болады деп болжап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз«, – деп жауап берді министр.
Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің болжамы басқа. Реттеуші банк басшысы жан басына шаққанда 130 доллардан бөлінуі мүмкін екенін атап өтті. Жалпы бағдарламаға биыл 890 млн доллар бөлінгенін айтады.
«Жан басына шаққанда әр балаға 130 доллар. Бірақ Мәди Төкешұлы айтқандай, 1 қаңтарға дейін қанша бала дүниеге келеді, қаншасы 18 жасқа толды – осының бәрін есептеп, тиісті ақпаратты жеткіземіз. Ал инфляция қорғалған, өйткені қаражат доллармен сақталып жатыр», – деп толықтырды Ұлттық банк төрағасы.
Жуырда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова кәмелетке толмаған балалардың шотына 100 доллардан көп ақша түсетінін айтқан еді.