Банк пен қаржы

Қазақстан Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салып жатқан компанияны Қатар инвесторына қаншаға сатады?

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салып жатқан «GPC Investment» ЖШС-ның 75% үлесін қатарлық инвесторға 72,5 млрд теңгеге сатпақ. Қазір компания толық «Самұрық-Қазына» қоры еншілес ұйымының иелігінде.

Қордың 2024 жылдың 9 айындағы қаржы есебінде компания сатуға шығарылған актив ретінде көрсетілген. Есепке сәйкес, мәміле жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Компания активі 30 қыркүйектегі жағдайы бойынша 173,8 млрд теңгеге бағаланса, соның 101,3 млрд теңгесі – компания міндеттемелері. Яғни Үкімет стратегиялық маңызы бар жобаның сатылатын таза активін 72,5 млрд теңгеге бағалап отыр.

«Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылдың қаңтарында номиналдық құны 387,4 млн теңге тұратын 100 акция шығарады. Бұл акциялардың жалпы сомасы 38,7 млрд теңгені құраған. GPC Investment компаниясының 100 пайыз үлесін қор кейіннен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының жарғылық капиталына салым ретінде берген.

Ал GPC Investment компаниясын Қатар инвесторына сату туралы шешім биыл ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы елге мемлекеттік сапары аясында қабылданды. Инвестор кәсіпорынның 75% үлесін иеленсе, 25% QazaqGaz меншігінде қалады.

GPC Investment немен айналысады?

«GPC Investment» компаниясы «Қашаған» кен орнында ілеспе мұнай газын өңдейтін зауыт салып жатыр. Кен орны Атырау облысының Мақат ауданында орналасқан. Зауыт жылына 1 млрд текше метрге дейін шикі газ өңдейді деп жоспарланған. Ол NCOC-тың «Болашақ» біріктірілген мұнай өңдеу зауытының жанында салынып жатыр. 2025 жылдың ІІ тоқсанында қолдануға беру жоспарланған.