Жаңалықтар

Алматыда 20 млн теңгеге қандай пәтер алуға болады?

Алматы қаласындағы арзан үйлер Жетісу, Түрксіб ауданында орналасқан / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматыда жыл басында екі рет күшті жер сілкінісі болып, тұрғын үй нарығының біраз уақыт тұралап қалуына әсер етті. Араға 1-2 ай салып, сектор қалпына келе бастады. Алайда соңғы күндері доллар бағамы шарықтап, тұрғын үй бағдарламаларының шарты өзгерді. Баға шарықтап, нарық түсініксіз күйде тұрған тұста  алып шаһардан арзанға қандай пәтер алуға болады, қандай тұрғын үй кешенінің бағасы төмен екенін «Курсив» тілшісі анықтап көрді.

Сатылып тұрған пәтерлердің 30%-ы жатақханалар

Бүгінде Krisha.kz сайтында бағасы 20 млн теңгеден аспайтын үйлер бойынша 5 мыңнан астам хабарландыру бар.

Олардың ішінде 35%-ы 1950-1999 жылдары салынған тұрғын үйлер, тағы 30%-ы жекешелендірілген жатақханалар. Ал жеке үйлер – 15%, 2000-2021 жылдар аралығындағы ғимараттардағы пәтерлер – 10%, салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер – 10%.

Ұсыныстардың көпшілігі қаланың ескі тұрғын үй қорындағы 1 және 2 бөлмелі пәтерлер (көбінесе 1960–1970 жылдардағы үйлер) және жатақханадағы бөлмелер. Сондай-ақ құрылыс компаниялары салып жатқан тұрғын үй кешендері мен 2000-шы жылдары салынған үйлердегі пәтерлер.

Жатақханадан бөлме алу

Жатақхана бөлмесі – бұл бүгінгі таңда Алматыдағы ең қолжетімді баспана. Яғни, 20 млн теңгеге дейінгі ұсыныстардың 30%-ы жатақхана бөлмелері. Алматыда олар негізінен кірпіш пен панельді төрт қабатты үйлерде. Кезіндегі олар мемлекет меншігінде болып, қазақстандықтардың жекеменшігіне өткен.

Алматыда жатақханадағы бөлменің ең арзаны 3 млн теңге тұрады. Ең қымбаты 10-15 млн теңге тұрады. Ең қымбаты Әуезов және Алмалы аудандарында, ал арзаны – Түрксіб және Жетісу аудандарында орналасқан. Бөлмелердің ауданы орта есеппен 15-25 шаршы метр аралығында. Кейбірінің ішінде жуынатын бөлмесі де бар. Алайда мына жайтты ескеру керек. Мегаполистегі  жатақханалар орналасқан көптеген ғимараттың тозығы жеткен. Егер осы мәселені жергілікті атқарушы орган растап, реновация бағдарламасына қосса, бұзылған кезде бөлме иесіне толыққанды бір бөлмелі пәтер беріледі.

Ең арзан пәтерлер қай ауданда?

Алматыдағы бағасы ең тиімді пәтерлер Наурызбай, Түрксіб және Жетісу, Алатау аудандарында орналасқан. Ең қымбаты Медеу, Бостандық, Алмалы және Әуезов аудандарында.

Сонымен пәтер іздеу жүйелерінде бағасы 20 млн теңгеге дейінгі толық бір бөлмелі – ас және қонақ бөлмесі бар пәтерлерді қарастырсақ. Тізімнен бірінші болып Abay city тұрғын үй кешені шығады. Бағасы 18 млн-нан басталады. Алайда әзірге кешеннің тек бағасы «тартымды». Комфорт санатындағы үй биыл пайдалануға берілмек. Бірақ 10 қабатты баспананың ауласы толық абаттандырылмаған, балалар алаңқайында құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Жыл аяқталып қалса да тұрғын үй кешені әлі дайын емес, мерзімінде берілмейтіні анық.

Арзан пәтерлер тізімінде Алатау ауданында орналасқан Dostyk тұрғын үй кеші бар. Кешеннің құрылысы 2025 жылы аяқталады. Үй қара әрлеуде беріледі. Бағасы 14 млн-нан басталады.

Жетісу ауданында «Көкжиек сити» тұрғын үй кешені де хабарландырулар арасында жиі ұшырасады. Бағасы 13 млн теңгеден жоғары. Үй биыл пайдалануға берілуге тиіс. Бірақ оның құрылысы, аулану абаттандыру толық аяқталмаған.

Сонымен қатар Наурызбай ауданында орналасқан Орда Town тұрғын үй кешені арзан үйлер қатарында. Нысан 2025 жылдың 1-2 тоқсанында беріледі. Бағасы 13 млн теңгеден басталады. Бұл тұста құрылысы бітпеген үй аларда сақ болу керек. Алматыда онға жуық құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешендері бар. Солардың иелері сынды жылдар бойы баспананың дайын болғанын күтіп жүрмес үшін тұрғын үй кешенінің құжатын, рұқсат қағаздарын мұқият тексеріп алған артық болмас.

Дайын, құрылысы аяқталған бағасы тиімді пәтерлердің дені Алматыдағы «Көкжиек», «Шұғыла», «Кемел», «Өжет» ықшам аудандарында орналасқан. Бұл ретте сарапшылар пәтер алуды ойлап жүрсеңіз бірінші кезекте – инфрақұрылымға, жұмысыңызға, мектепке, ауруханаға жақындығына назар аударған жөн деп ескертеді. Егер осы тұсы ойыңыздан шықса, тұрғын үй кешенінің құрылыс сапасына, су мен жарықтың тартылуы, кәріз жүйелеріне мән берген абзал. Тек осыдан кейін қабаты, ауданы мен көрші таңдаған дұрыс.

Еске сала кетсек, доллар бағамы 500 теңгеден асқан соң құрылыс компаниялары да пәтер бағасын көтере бастады. Себебі сала импорттық өнімдерге тәуелді. Ал оның барлығы сырттан доллармен алынады.

Ал доллар бағасы туралы жақсы болжам әзірге аз. Дәл қазіргі күрт өсімі уақытша дегенімен, мамандар 2025 жылы доллар құны әлі де өсетінін айтады. Себебі Дональд Трамп ресми түрде президенттікке кіріседі. Оның ар жағында АҚШ экономикасын, доллар құнын көтеру сынды кешенді жұмыстарды жоспарлап жатқаны тағы бар. Қытаймен сауда соғысына кірісетіні де анық деседі, халықаралық сарапшылар.

Жаһандық экономикадағы екі «алып» ойыншы – АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай шиеленіссе келер жылы Қазақстан ғана емес, біраз елге экономикасына қатысты болжамдар мен тәуекелді қайта қарауға тура келеді. Оның ішінде тауар бағасы, доллар құнының артуы бар. Бұлардың бағасы өссе, тұрғын үй нарығына бірінші кезекте әсер етеді.