Астана қаласының балабақшаларында 2025 жылы төлемді арттыру көзделмеген. Тиісті қаулы «Ашық НҚА» жүйесінде жария болды.
Елорда әкімдігі жариялаған қаулыға сәйкес, 2025 жылы үш жасқа дейінгі балалар үшін төлем 19 700 теңге, алты жасқа дейін – 20 800 теңге мөлшерінде қалады деп жоспарланған.
«Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында 2025 жылға арналған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы» аталатын қаулыда әкімдіктің бір жылда осы саланы қолдауға қанша қаржы бөлуді жоспарлап отырғаны да көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, саладағы мемлекеттік тапсырысқа 55 млрд теңге (дәлірек айтқанда, 55 004 724 240 теңге) бөлу жоспарланған.
«Осы қаулыны қабылдау қаланың мектепке дейінгі ұйымдарына мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен төмендетілген құны бойынша балаларды қабылдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, әрине, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді», – делінген құжатта.
Қаулы 2024 жылдың 23 желтоқсанына дейін ашық қоғамдық талқылауда болады. Бекітілген жағдайда нақты жоспарды елордалық білім басқармасы ұсынады.