Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспорты қарқынды өскен

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспорты қарқынды өскен
Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспорты қарқынды өскен / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспортының қарқыны артқан. Негізінен астық экспортында Ауғанстанға жіберілетін көлем айрықша көбейген. Яғни 71% өсіп, 67 мың тоннадан 115 мың тоннаға дейін өскен. Иранға жіберілетін астық көлемі 30 есе артып, 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға дейін жеткен.

Бұдан бөлек, Өзбекстанға (42%), Тәжікстанға (49%), Қытайға (17%) экспорт көлемі өскен.

«Биылғы қараша айының соңындағы жағдай бойынша 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнім экспорты 2,37 млн тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық», – делінген министрлік хабарламасында.

Жыл сайын елде жиналатын астықтың 8-9 млн тоннасы шетелге экспортталады. Қазақстанның экспорт географиясында 40 астам ел бар. Экспортқа шығарылатын дақылдың 6,5-7,5 млн тоннасы — бидай. Алайда 2024 жылы министрлік астық экспорты 12 млн тоннаға жетеді деп болжап отыр.

Қазақстанда егіншілерді қолдауға 2024 жылы рекордтық 580 млрд теңге бөлінген. Қаражатты шаруалар несиеге алып немесе пайыздық мөлшерлемені төмендетуге қолданған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, осының әсерінен елде дәнді дақылдар рекордтық көлемде, яғни 26,7 млн тонна астық, 3,2 млн тонна майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналған.

Сондай-ақ оқыңыз