Шамалғанда Назарбаевтар әулеті тұратын аумақтағы жер телімі аукционда сатылмай қалды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Назарбаевтар әулеті тұратын жердегі учаске аукционға шықты
Назарбаевтар әулеті тұратын жердегі учаске аукционға шықты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылдық округіндегі аумағы 142,92 гектар болатын жер телімі сатылымға шықты. Алайда ешкім қызығушылық танытпағандықтан, сатылмай қалды.

Жер телімі 2024 жылғы 6 желтоқсанда бастапқы бағасы 127 861 494 теңгемен сауда-саттыққа шығарылған еді. Сауда-саттық өткізілмей қалған. Басты себеп – сату объектісіне бірде-бір адам қызығушылық танытпаған немесе аукцион залында бастапқы бағаға келіспеген.

Жерді сатылымға Қайтарылған активтерді басқару комитеті шығарған. Оның құны 2024 жылдың маусымында бағаланған. Қосымша құжаттарға сәйкес жер телімін пайдалануға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылы шектеу қойған.

«Тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтамаға сәйкес ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүктеген жер учаскесін шектеу түріндегі ауыртпалық бар екенін, бағалау жүргізу кезінде No-14.03.2022 ж. қаулысының негізі бар екенін атап өткен жөн», – делінген құжатта.

Айта кетейік, белгіленген жер учаскесіне жақын маңда Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі учаске бар. Назарбаевтар әулеті тараған Шамалғанда Болат Назарбаевтың өзі де тұрған.

2023 жылы Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін БАҚ беттерінде оған тиесілі болған мүліктің бір бөлігі Нұрбол Назарбаевтың меншігіне өткені туралы хабар тараған. Оның меншігіне өткен мүліктің арасында Шамалған маңындағы жер учаскесі де бар. Учаскенің аумағы – 193 гектар. Қарасай әкімдігі оны 2024 жылдың басында Назарбаевтармен үлестес және Нұрбол Назарбаевқа жанама тиесілі компанияның меншігіне берді. 2024 жылы Нұрбол Назарбаев елдегі ең бай азаматтарды қазақстандықтардың Forbes рейтингінде 49-шы орынға жайғасқан.

Шілде айында «Курсив» Болат Назарбаевтың мүлкін бөлуге қатысты 2 мұрагерлік іс тіркелгенін жазып, оның мүлкіне кімдердің таласа алатынын тізіп шыққан еді.

Сондай-ақ оқыңыз