Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты 56 жасқа толған туған күнімен құттықтады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесіне денсаулық пен қажымас қайрат тілеген. Тоқаев құттықтау жеделхатында Жапаровтың қазақ-қырғыз қатынастарын тереңдетуге қосқан үлесін, оның күш-жігерінің арқасында Қырғызстан өзінің халықаралық беделін арттырғанын атап өткен.
«Осы айтулы күні, құрметті Садыр Нұрғожоұлы, сізге зор денсаулық, сарқылмас қуат және жауапты мемлекеттік қызметіңізде табыс, ал бауырлас Қырғызстан халқына амандық пен өркендеу тілеймін», – делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев болса, Жапаровқа Қырғызстанның «жарқын болашағы» үшін барлық мақсат мен жоспарды іске асыруды, сондай-ақ зор денсаулық, бақыт пен амандық тіледі.
«Бауырлас халықтардың арасындағы достық пен ынтымақтастық елдеріміздің игілігі үшін одан әрі нығайып, дамитынына сенімдімін», — делінген құттықтау жеделхатында.
Бұдан бөлек, Қырғызстан президентін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Беларусь, Армения және Әзербайжан басшылары мен лауазымды тұлғалары құттықтаған.
Садыр Жапаров 1968 жылы 6 желтоқсанда Ыстықкөл облысы Кең-суу ауылында дүниеге келген. Ол Қырғызстандағы билікке 2020 жылғы көтерілістен кейін келіп, 2021 жылы президент ретінде сайланған.