Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 70 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді
2025 жылы Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 70 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) мегаполис экономикасының 60%-ын құрайды. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті талқыланған кезде айтылды.
Қазіргі таңда ШОБ секторында 942 мыңға жуық алматылық еңбек етіп жатыр, бұл қаладағы жұмыспен қамтылғандардың 85%-дан астамын құрайды. Ерболат Досаевтың айтуынша, Алматыда құрылатын тұрақты жұмыс орындарының 80%-ы да осы секторға тиесілі.
2023 жылы ШОБ-ты қолдау және дамыту үшін бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат 1,8 мың жаңа жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. Жалпы сомасы 125,3 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар субсидиялау, кепілдендіру және несиелеу бағдарламалары арқылы іске асырылды.
2025 жылға арналған Алматы қаласының жалпы бюджеті 2 трлн 177 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басындағы 1 трлн 70 млрд теңгемен салыстырғанда екі есе көп. Бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталып, оған 851,9 млрд теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 40%-ы бөлінген.
Қала әкімінің айтуынша, қабылданған шаралар Алматының елдегі экономикалық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтып, 2030 жылға қарай ШОБ үлесін 75%-ға дейін арттыруға ықпал етеді.