Lifestyle

Ресейлік әнші Моргенштерннің Қазақстандағы концерттері өтпейтін болды

Моргенштерннің Қазақстандағы концерттері өтпейтін болды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Танымал ресейлік әнші әрі рэпер Моргенштерн Қазақстандағы жанкүйерлеріне концертінің болмайтынын өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

Әншінің айтуынша, оның Қазақстан сахнасында өнер көрсету ойы тағы да сәтсіз аяқталды. Алматыда 7 желтоқсанға, ал Астанада 8 желтоқсанға жоспарланған концерттер ресми түрде тоқтатылды.

Рэпер концерттердің өтпей қалу себептерін ашып айтпады, бірақ жанкүйерлеріне билеттерін қайтаруды ұсынды.

«Тосынсый іске аспады, жоспарымыз орындалмады. Сондықтан билеттеріңізді өткізіңіздер, әлі бір күні кездесеміз деп үміттенемін», – деді Моргенштерн өз парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Моргенштернге Дубайда жергілікті заңнаманы бұзғаны үшін концерт өткізуге тыйым салынған еді. Бұл тыйым әншінің сұхбаттарының бірінде Араб әмірлігінің шектеулерін оңай айналып өте алатынын айтқан соң енгізілген болатын.