Қазақстан мен ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімнің мерзімін 2026 жылдың соңына дейін ұзартуға келісті. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, мұнай өндірісін қысқарту міндеттемелерін толық орындау және артық өндірілген көлемдерді өтеу маңызды шарттардың бірі ретінде көрсетілген.
2023 жылдың сәуірі мен қарашасында қосымша ерікті қысқартулар туралы жариялаған сегіз ел — Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман — ОПЕК+ елдерінің 38-ші министрлік кездесуі аясында жеке кеңес өткізген.
Бұл басқосу мұнай нарығындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау мақсатында ОПЕК+ тарапынан қолға алынған сақтық шараларын талқылауға арналған. Кеңес барысында 2023 жылдың сәуірінде жарияланған қосымша ерікті қысқартулардың тәулігіне 1,65 миллион баррель көлеміндегі шарттары 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ұзартылды.
Сондай-ақ осы елдер 2023 жылдың қарашасында жарияланған күніне 2,2 миллион баррельге ерікті қысқартуларын 2025 жылдың наурыз айының соңына дейін сақтайды. Бұл мерзім аяқталған соң, 2026 жылдың қыркүйегіне дейін ай сайын қысқартулар кезең-кезеңімен жойылып, нарық тұрақтылығы қамтамасыз етілмек.