ШҚО құтқарушылары тұрғындарға улы газдан сақтанудың жолдарын ерекше әдіспен түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ШҚО құтқарушылары улы иіс газы датчигі пішініндегі арнайы костюм киіп шықты / фото ТЖД ШҚО

Жылу беру маусымында Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметкерлері пешпен жылытылатын үйлерде профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр. Бұл жолы құтқарушылар тұрғындардың назарын аударып, ақпаратты тиімді жеткізу үшін ерекше тәсілді қолданды – улы иіс газы датчигі пішініндегі арнайы костюм киіп шықты.

Костюмді жасауға ШҚО ТЖД қызметкерлері мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары екі ай уақыт жұмсаған. Еріктілермен бірге көшелерді аралап, тұрғындардың үйлеріне кірген «датчик» үй иелеріне пешті дұрыс пайдалану, оның ақауларын дер кезінде анықтау және улы газдың алдын алу үшін қажетті шаралар туралы ақпарат берді.

фото: ТЖД ШҚО

ШҚО ТЖД өкілдері улы иіс газының қаншалықты қауіпті екенін атап өтті.

«Улы иіс газы – түсі мен иісі жоқ, өте қауіпті газ. Оның кесірінен қайғылы оқиғалар көбіне түнгі уақытта орын алады, өйткені адамдар оны сезбей ұйықтап жатады», – деді құтқарушылар.

Құтқарушылар тұрғындарға мына ережелерді сақтау қажеттігін ескертті:

  • Пешті үш айда кемінде бір рет тазалау.
  • Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау.
  • Қатты отынды жағуға жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбау.
  • Пешті ұйқыға дейін бірнеше сағат бұрын сөндіру.
  • Пеш жапқышын толық жаппай, аздап ашық қалдыру, себебі толық жанбаған көмірден улы газ бөлінуі мүмкін.
  • Желдетуді үнемі тексеріп отыру.
фото: ТЖД ШҚО

ШҚО ТЖД мәліметінше, әлеуметтік осал топтарға арналған көмектер аясында өңірде соңғы жылдары шамамен 15 мың улы газ датчигі орнатылған. Бұл құрылғылардың арқасында 42 адамның, оның ішінде 36 баланың өмірі құтқарылды.

«Датчик – тұрғындарға уақытында қауіп туралы белгі беріп, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді құрылғы», – деп түсіндірді ШҚО ТЖД МӨБ басқармасының басшысы Нұржан Өміржанов.

Сондай-ақ оқыңыз