Франция Қазақстанда АЭС салуға көмектесуге дайын – Энергетика министрлігі
Франция Қазақстанда АЭС құрылысын жүргізуге көмектесуге дайын. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған делегация Францияға жұмыс сапарымен барған. Қазақстан тарапы бұл елдің ядролық саладағы жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, келіссөздер жүргізген.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жұмыс сапары барысында Францияның атом саласындағы жетекші ұйымдарымен, сонымен бірге ірі энергия өндіруші компанияларымен, EDF атом электр станцияларының операторымен, Framatome атом электр станцияларына арналған жабдықтарды әзірлеуші және өндірушісімен, Arabelle Solutions атом электр станцияларына арналған турбиналық жабдықтар жеткізушісімен келіссөздер жүргізген.
Бұдан бөлек атом электр станциялары үшін инжинирингтік қызметтер, жобаларды басқару және цифрлық шешімдерге маманданған Assystem халықаралық консалтингтік компаниясының басшыларымен кездескен.
«Француз тарапы Қазақстанға атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Өндірілетін электр энергиясының шамамен 70%-ын атом энергиясынан алатын Франция бұл салада әлемдік көшбасшы елдер қататрында»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Министрлік мәліметінше, EDF атом электр станцияларының операторы Қазақстан үшін ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің қысқаша тізіміне енгізілген.