Қазақстан мен Қытай Транскаспий дәлізі арқылы литий-ионды батареяларды тасымалдайды. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Биылғы жылдың 5 желтоқсан күні Қытай Халық Республикасы астанасы Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай көлік ведомстволарының басшылары Марат Қарабаев пен Лю Вэй арасында келіссөздер өтті. ТХКБ дәлізі бойынша Қытайдан литий-ионды батареяларды тасымалдау көзделіп отыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көлік министрі Марат Қарабаев Қытайдың Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барған.
Екіара келіссөздер барысында тараптар ТХКБ маршрутын бірлесіп дамыту мәселесін, сонымен бірге, жүктердің үздіксіз өтуін қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс тобын құрып, дәліздің өтімділігін арттыру мәселесін көтерген. Нәтижесінде екі ел өкілдері осы жылдың аяғына қарай ТХКБ дәлізі бойынша Қытайдан литий-ионды батареяларды тасымалдау бойынша сынақ рейсін іске қосуды уағдаласқан.
Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігі саласындағы тасымалдау көлемі 2024 жылдың қаңтар-қазан аралығында 13%-ға артып, 26,6 млн тоннаны құраған. Ал автомобиль арқылы тасымалдау көлемі үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша 60%-ға өсіп, 1,9 млн тоннаны құраған.
«Қазіргі таңда Қытайдан ТХКБ бойынша тасымал көлемі жиырмафуттық эквивалентте 27 мың контейнерден асып кетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 есе көп»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Көлік министрлігі Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалы 68%-ға артқан. Енді үкімет «Солтүстік-Оңтүстік» және «Транскаспийлік» транзиттік дәліздерінің қабілетін арттыруды көздеп отыр. Бұл дәліз өиімділігі артқан жағдайда, жүк тасымалы арта түседі деп күтілуде.