Жаңалықтар

«Орешник» Беларуське орнатылуы мүмкін

«Ұлттық қауіпсіздікті ескере отырып, мұндай шешімді екі елдің президенттері қабылдайды», – деді Песков/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ресей Президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Орешник» зымыран жүйесінің Беларусьте орналасуы мүмкін екенін терістемеді.

«Ұлттық қауіпсіздікті ескере отырып, мұндай шешімді екі елдің президенттері қабылдайды», – деді Песков.

21 қарашада Путин Ресей әскерінің «Орешникпен» Украинаға соққы бергенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Бұл баллистикалық қару – орта қашықтыққа ұшатын зымыран жүйесі. Ядролық оқшантай тасымалдай алады. Путиннің мәлімдеуінше, Ресей бұл зымыран жүйелерін жаппай шығаратын өндіріске қойған.

Беларусьте «Орешниктер» орнатылады деген әңгіме жел сөз емес. 2023 жылы Путин Беларуське тактикалық ядролық қару орнату жөнінде Лукашенкомен ортақ келісім бар екенін айтқан. Содан кейін Беларуське тактикалық ядролық қару тасымалдай алатын «Искандер» зымыран кешені берілген-ді.