Жаңалықтар

Қырғызстанда KG Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы бизнесмен сот үстінде тамағын орып жіберді

Ташовқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қайта абақтыға әкеткен/фото: mezgil.kz

Бүгін сот KG Group құрылыс компаниясының негізін қалаушы Имамидин Ташовты тұтқындау мерзімін ұзартты. Бұған жауап ретінде айыпталушы өз-өзіне қол салмақ болып, тамағын орып жіберді.

Ташовқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қайта абақтыға әкеткен.

«Жарақат терең емес. Тереңдігі 1 миллиметрдей. Қан-тамырларына жетпеген. Қан жоғалту болмады», – деп хабарлады Шұғыл медицина орталығы директорының орынбасары Егор Борисов.

Бизнесмен осымен екінші рет өз-өзіне қол жұмсауға талпынған.

Ташовқа билікті күшпен тартып алуға ұмтылу, билікті төңкеруге шақыру және мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту айыптары тағылып отыр.

Ол сәуір айында Шу облысында ұсталды. Арнайы қызмет мәліметінше, билікті басып алу үшін Қара-Балтада наразылық акциясына қатысатын күштердің уақытша штабын құрған. Іздеу жүргенде, ол әлеуметтік желі арқылы белсенді жақтастарын тарту жұмыстарын жүргізген.

Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, KG Group компаниясы алты көп қабатты тұрғын үй салған. Бірақ нысандардың біреуі де пайдалануға берілмеген. Өйткені құрылыстың рұқсат қағаздары болмапты.

Имамидин Ташов әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жасап, оны «бандиттік тәсілмен» ұстағанын, мемлекет кірісіне қайтарылған 52 млн сомнан өзге, «қалталарына» 100 млн теңге сұрағанын мәлімдеп үлгерді.

Имамидин Ташовтың адвокаттарының айтуынша, оны ұдайы күзет бір елі қалмаған соң, дәрігерлер палатаға жатқыза алмаған. Жарақатын таңып, жібере салған. Айыпталушының анасы ұлын ауруханаға жатқызуды сұраған.