Қырғызстанда салық органдарының басшылары жаппай ұсталып, тергеліп жатыр

Жарияланды
Қамшыбек Ташиев салық органдарының қызметкерлері жемқорлық схемасын құрғанын мәлімдеген/фото: Қырғызстан министрлер кабинетінің баспасөз қызметі

Қырғызстанның салық қызметінің төрағасы Алтынбек Абдувапов Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің орталық аппаратында тергеліп жатыр.

24.kg-ның хабарлауынша, бұл туралы Қырғызстанның күштік құрылымындағы дереккөзі хабарлаған. Оған сүйенсек, 6 желтоқсанда лауазымды шенеунік тергеуге шақырылған. Сағат 13.20-дан бастап ол тергеушінің кабинетінде отыр.

Айта кететін жайт, бұған дейін Бішкектің төрт аудандық басқармаларының салық органдарының қызметкерлері жаппай ұсталған. ҰҚМК «Альфа» жауынгерлерімен бірге тінту жүргізіп, 4 басқарма бастығы мен 30-ға жуық қызметкерді тергеуге алып кеткен. Артынша арнайы қызмет өкілдері мұның себебін түсіндірген.

Мұның алдында ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиев парламентте сөз сөйлеп, салық органдарының қызметкерлері электронды тауар-көлік жүкқұжаттарына байланысты жемқорлық схемасын құрғанын мәлімдеген. Бұдан мемлекет қазынасына 2,2 млрд сом шығын келіпті. Ташиев Салық қызметінің басшылары ұсталуы мүмкін екенін де ескерткен еді.  

Сонымен қатар Мемлекеттік салық қызметі басшысының орынбасары Исламбек Кыдыргычев 5 желтоқсанда тергеуге шақырылып, артынша ұсталып, арнайы қызметтің уақытша оқшаулау изоляторына қамалған. Тағы бір орынбасар тергеуден кейін босатылыпты.

Сондай-ақ оқыңыз