Енді көлік сатып алуға кредиттің көп екені кедергі болмайды

Жарияланды (жаңартылды )
Енді жеке көлік сатып алуға несие жүктемесі кедергі болмайды / Фото: kursiv.media архивінен

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қарыз алушының борыштық жүктеме коэфициентін (БЖК) есептеуге жаңа өзгерістер енгізді. Енді жеке көлік сатып алу кезінде азаматтың несие жүктемесі есепке алынбайды.

Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) – қарыз алушының төлеп бітпеген кредиті бойынша төлемдері мен ай сайынғы табысының арақатынасы. Банктер, микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаға несие беру кезінде БЖК мөлшерін назарға алады. ҚНРДА-ның бекітуі бойынша БЖК 50% болуы керек, яғни несие алғысы келетін жеке тұлғаның банкке беретін ай сайынғы төлемі оның ресми табысының жартысынан аспауы тиіс.

 Осы жылы агенттік БЖК-ні есептеу бойынша жаңа өзгерістер енгізді. Енді:

  • жаңа көлік (оны кепілдікпен рәсімдейтін кезде)
  • жүрілген көлік (кепілдікпен рәсімдейтін және бастапқы жарнасы оның құнының 50%-нан көп болса)
  • шыққанына 3 жыл болған көлік (бастапқы жарнасы 30%-50%, кепілдікпен)

сатып алу кезінде, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және Ұлттық банк бағдарламасы аясында ипотеканы қайта қаржыландыру үшін қарыз алатын кезде БЖК-ның максималды деңгейі сақталуы талап етілмейді. Демек азаматтың несие жүктемесі үлкен болса да, көлік және баспана үшін тағы да несие алуына мүмкіндігі бар. Жаңа өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтары мен 2026 жылдың 31 желтоқсаны аралығында сақталады.

ҚНРДА-ның түсіндіруінше, бұл өзгеріс банк және микроқаржы ұйымдарының әрекетін реттеу бойынша нормативті құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ отандық автомобиль өндірісінің дамуына қолдау беру үшін жасалып отыр.

Жаңа қаулының толық мәтінін  egov.kz оқуға болады. 

Сондай-ақ оқыңыз