«Теңізшевройл» мен Қарашығанақта үлесі бар Chevron мұнай бағасының төмендеуінен қорқып, бюджетін қысқартты

Жарияланды
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Америкалық мұнай магнаты Chevron пандемия кезіндегі мұнай дағдарысынан соң, алғаш рет капиталды шығындарын қысқартпақшы.

Осы айдың басында компания 2025 жылғы бюджетін 14,5-15,5 млрд долларға дейін азайтынын мәлімдеді. Биылғы бюджеті 15,5-16,5 млрд долларды құраған еді.

Кәсіпорын басшылығы мұны мұнай бағасының төмендеуі және әлемдік нарықта өндіріс көлемі ұлғайып, ұсыныстың тым көп болып кетуімен түсіндірді. 5 желтоқсанда ОПЕК мұнай жеткізілуіне әлі де шектеу қоятынын хабарлаған еді. Бұл да мұнай  нарығындағы ойыншыларды алаңдатады.

Chevron шығындарын қысқарту бағдарламасына байланысты қайта құрылымдауға 700-900 млн доллар бөліп, 2026 жылға қарай 2-3 млрд доллар үнемдеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ активтердің сатылымы және құнсыздануына байланысты тағы 400-600 млн долларды резервке қоятынын мәлімдеді.

Сарапшылар Chevron-ның мұндай шешімі Дональд Трамптың АҚШ ықпалын нығайту үшін мұнай өндірісін көбейту керек деген энергетикалық саясатына қарсы келеді дейді.

Chevron Corp – әлемдегі ең ірі мұнай корпорациясының бірі. 1993 жылы Қазақстанға келген алғашқы халықаралық энергетикалық компания атанып, «ТеңізШевройл» ЖШС құрды. Қазір «Шевронның» Қарашығанақ жобасында да, Каспий құбыр желісі консорциумында үлесі бар және Атыраудағы политэтилен құбыр шығаратын зауытты басқарады.

Осы жылы қазанда Bloomberg басылымы мұнай бағасының құлдырауынан ірі мұнай компаниялары қарызға батуы мүмкін деп жазған. Сарапшылар болжамынша,  Exxon Mobil Corp., Chevron Corp., Shell Plc, TotalEnergies SE және BP Plc тәрізді компаниялардың кірісі өткен тоқсанмен салыстырғанда 12%-ға немесе 24,4 млрд долларға төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз