Саясаткерлердің жеке дерегі тарап кетті: Депутат Мұрат Әбенов министр отставка кетуі керек деп есептейді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық саясаткерлердің жеке дерегі тарап кеткеннен кейін, мәжілісмен Мұрат Әбенов Цифрлық даму министрі отставкаға кетуі керек деп есептейді.

Мұрат Әбенов қазақстандық саясаткерлердің жеке мәліметі тарап кеткені үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен әуекомпанияларды сынға алды. Бұл туралы ол KursivMedia тілшісіне айтты.

«Бүгін цифрлық даму министрі мәлімет тарағаны жайлы біліп, отставкаға берген жоқ. Ешкімді жазаламады. Біз кезекті рет БАҚ деңгейінде айқайлап, қоя береміз. Ол жерде тек депутаттар ғана емес. Ертең ол тізіммен бәрін жасауы мүмкін. Банк есепшотын бұзып, маған кредит рәсімдеп немесе менің денсаулығым жайлы картамды қарай салады. Кез келген адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін, себебі мемлекет өз қызметін дұрыс орындамайды», – деп есептейді Әбенов.

Мұрат Әбенов айтып отырған жеке мәліметтер телеграм-каналдардың бірінде тарап кетті. Ол жерде Air Astana, SCAT, Qazaq Air және Bek Air әуекомпанияларының 700 мыңға жуық рейсі және Қазақстан азаматтарының ресейлік әуекомпанияларымен ұшқаны жайлы ақпарат бар. Жолаушылардың аты-жөні, құжаттарының нөмірі, телефон нөмірі мен электронды поштасының мекен-жайына дейін жазылған.

Тізімде Альберт Рау, Айдос Сарым, Жигули Дайрабаев, Ләззат Танысбай, Бибігүл Жексенбай тәрізді бірқатар саясаткер, журналист, бизнесмендер мен шоу бизнес өкілдерінің есімі кездеседі.

Жеке мәліметтердің тарап кеткені жайлы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да ҚазТаг тілшісіне растады.

«Тек депутаттар ғана емес мемлекеттік тұлғалардың, бизнесмендердің, жеке тұлғалардың қозғалысы жайлы деректер тарап кеткен. Өте үлкен көлемде тарады. Менің естуімше, миллиондар», – деді ол.

2023 жылы сәуірде украиналық хакерлер әуекомпаниялардың жолаушылары және сақтандырулары жайлы мәліметті сақтайтын «Сирена-Трэвэл» атты ресейлік компания және Leonardo брондау жүйесінің базасын бұзғаны белгілі болған. Хакерлер 664 млн рейс жайлы ақпаратқа қол жеткізіпті. Осы уақытқа дейін ол жерде тек ресейліктер ғана туралы деректер бар деп есептелген.

Енді қазақстандықтардың, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және өзге де посткеңестік елдердің азаматтары жайлы деректер бар екені белгілі болды.

Қазір Ресейде «Сирена-Трэвел» компаниясы директорының орынбасарлары Игорь Ройтмен мен Александр Кальчукқа қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы жылдың басында Мемлекеттік техникалық қызмет zaimer.kz атты микроқаржы ұйымының клиенті болған 2 млн қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткенін анықтады. Кейінірек Цифрлық даму министрлігі «Робокэш.кз» МҚҰ жеке мәліметтерді қорғау туралы заңды бұзғаны үшін 2,2 млн теңге айыппұл төлейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз