Жеке мәліметтерді таратып жібергендер 2 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін

Жарияланды
Жеке мәліметтерді таратып жібергендер айыппұл төлеуі мүмкін / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді жеке мәліметтерді үшінші тарапқа «жайып» жібергендер қатаң жазаланатын болады. Бұл туралы Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап LS жазады.

Қазір жеке деректермен жұмыс кезінде қателік жіберген операторларға, кәсіп иелері немесе үшінші тараптағы тұлғаларға 184,6 мың теңге (50 АЕК) мен 738,4 мың теңге (200 АЕК) аралығында айыппұл салынады. Айыппұл көлемі жеке тұлға немесе ірі кәсіпкерлік екеніне байланысты өзгереді.

Егер жаңа өзгеріс күшіне енсе, айыппұл үш есе көбейеді. Яғни жеке деректерді таратқаны үшін мемлекетке 553,8 мыңнан 2,2 млн теңге (150 АЕК пен 600 АЕК) аралығында төлеуі керек болады.

Одан бөлек ортақ реестр құру ұсынылды. Ол жерде жеке деректерді таратып жіберген компаниялар және жәбірленуші тарап жайлы ақпарат жиналады. Әзірге бұл мәселе құзырлы меморгандармен келісіліп жатыр.

Ведомство мәліметінше, бүгінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.  Әзірге жаңа өзгертулерді Мәжіліс мақұлдады.

Бұған дейін ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов банк қызметкерлерінің жеке мәліметтерді ұрлағаны жайлы айтқан.

«Өкінішке орай, ондай фактілер бар. Өткен жылы да, осы жылы да екінші деңгейлі банктерді тексеріп, қателіктер үшін жазаладық. Бірақ бұл жерде өзінің лауазымын пайдалану және сыйақы үшін керек ақпаратты айтып беру деген тәрізді фактілер бар», – деген еді ол осы жылы қазанда журналистерге.

Сондай-ақ оқыңыз