БЖЗҚ зейнетақы жинақтарына арналған ең төменгі жеткілікті шектің мөлшерін бекітті
Зейнетақы жинақтарының 2025 жылға арналған ең төменгі жеткілікті шегі (ТЖШ) сол деңгейде қалатын болды. Бұл туралы БЖЗҚ-ның сайтында жарияланды.
«БЖЗҚ 2025 жылға арналған ТЖШ жариялап, 2024 жылғы деңгейде өзгеріссіз қалғанын хабарлайды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы да ТЖШ мөлшері көтерілмеген болатын», – деп жазылған хабарламада.
ТЖШ – салымшы зейнет жасына келгенде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес деңгейдегі зейнетақы төлемдерін алу үшін шотта қалуы керек ең төменгі көрсеткіш. Оны есептеу үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, болашақтағы болжамды зейнетақы жарналары (ең төменгі жалақы мөлшерінен) және инвестициялық кіріс деген көрсеткіштер назарға алынады.
Қордың түсіндіруінше, 2025 жылға арналған ТЖШ есептеу кезінде төмендегідей әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер пайдаланылды:
1) ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге;
3) зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге;
4) базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 46 228 теңге.
Еске салайық, 3 жыл бұрын қазақстандықтарға зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін баспана алу, тіс емдету үшін алуға мүмкіндік берілген. Сол уақыттан бері қазақстандықтар БЖЗҚ-дан 3,4 трлн теңге алған.