Жасанды интеллект музыканттар мен суретшілер табысына қауіп төндіре ме

Жарияланды 6 Желтоқсан 2024 12:46

(жаңартылды 6 Желтоқсан 2024 12:58)
Светлана Ғалымжанқызы

Светлана Ғалымжанқызы

Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ғалымдар жүргізген экономикалық зерттеу нәтижесіне сәйкес алдағы бес жылда жасанды интеллект музыканттар мен әртістердің табысына қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Жасанды интеллект пен роботтардың адамзатқа қаупі туралы тартысқа ешқашан нүкте қойылмас, сірә. Бірі олар адамның орнын толық баса алмайды десе, екіншісі бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырады.

Нақты статистиканы көру үшін авторлар құқығын қорғайтын Авторлар мен композиторлар қоғамының халықаралық конфедерациясы (The International Confederation of Societies оf Authors and Composers) PMP Strategy консалтиң компаниясымен бірлесіп, әлемде алғаш рет жасанды интеллектінің музыка мен аудивижуал секторға экономикалық әсеріне қатысты зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, жасанды интеллектінің технологиялық компанияларға жақсы пайда әкеліп, керісінше шығармашылық жолындағы адамдардың табысының азаюына алып келеді деген қорытындыға келді.

Жасанды интеллектінің музыка жазу «қабілеті» болғандықтан, бұл технологиялық компаниялардың жұмысын жеңілдетіп, сәйкесінше табысын арттыруға сеп болады. Ал музыканы кәсіп қылған әншілер мен композиторлардың табысы 2028 жылға қарай 21-28 пайыз аралығында төмендемек. Зерттеуде шығынның жалпы көлемі 5 жылда 22 млрд еуроға жақындайда деп жазылған. Яғни музыка индустриясына 10 млрд еуро, ал аудиовижуал туындылар индустриясы 12 млрд еуро көлемінде шығынға ұшырайды.

 Ал ЖИ арқылы жазылған музыка нарығы алдағы 5 жылда қарыштап, бүгінде табысы 3 млрд еуроға жеткен межесінен 2028 жылы 64 млрд-қа дейін барады деп болжанып отыр. Экономикалық зерттеу нәтижесіне назар салсақ, жасанды интеллект қызметін ұсынатын компанияның болашақта жылына 4 млрд еуро табыс тауып отыруға мүмкіндігі бар. 2023 жылы ондай компанияның табысы 0,2 млрд еуро шамасында ғана болатын.

Музыка авторлары стримиң компаниялардан да белгілі табыс көретіні белгілі. Ал индустрияда жасанды интеллект те ойып орын алса, аталған компаниялардан түсетін табысқа олардың да мүдделі болатыны анық. Зерттеуде 2028 жылы стримиң компаниялар табысының 20%-ы жасанды интеллект компанияларына бағытталатыны көрсетілген. Өйткені стримиң платформалардағы автоматтандырылған тізім ЖИ жасаған музыканы да ұсынуы мүмкін. Сарапшылар ЖИ өнімі көбіне қоғамдық орындарда фон музыкасы ретінде қосылуы мүмкін дейді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл тенденция аудиовижуал өнім жасаушыларға елеулі соққы болмақ. Нақты айтсақ, келешекте дубляж бен субтитор адаптациясын жасаушылардың жұмыссыз қалу қаупі жоғары. Өйткені олардың табысы 56%, ал сценарист пен режиссерлердің табысы 15-20%-ға азаюы мүмкін. Болжам бойынша, шығын көлемі 48 млрд еуроға жетуі мүмкін.

Көпшілік жасанды интеллектіге жұмысты жеңілдетуге, идея табуға көмекші құрал ретінде қарауы мүмкін. Дегенмен дәл осы ой ЖИ-ді жұмыс күші ретінде пайдаланатын технологиялық компанияларға есе жіберуге сеп болады. Өйткені компаниялар ақша төлеп автор жалдағаннан гөрі өнімді жұмыс істейтін, контент көлеміне қатысты мәселе туғызбайтын ЖИ-ге басымдық берері анық. Осы ретте суретшілердің де жапа шегіп жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені ЖИ сурет салуды адам салған картиналар негізінде үйренді. Оған қоса белгілі бір суретті негізге аларда авторынан рұқсат та сұралмайды. CISAC авторлар осы себеппен де ұтылып отырғанын айтады. Өйткені ЖИ жаңа музыка генерациляларда бұған дейін жазылған туындыларды негізге алады. Автор бұдан бейхабар қалады, одан рұқсат та сұралмай, ақысы да төленбейді.

CISAC президенті Бьорн Улвеус зерттеу нәтижесін саясаткерлерге нұсқаулық ретінде ұсынып отыр. «Шығармашылық жолында жүрген кез келген маман, музыка авторынан режиссер, сценарист пен композиторға дейін ЖИ-дің жаңа мүмкіндік ашумен қатар оны жаулап алу мүмкін екенін мойындау керек. Дегенмен осы сала дұрыс реттелмесе ЖИ-дің аталған аммандарға, олардың мансабына үлкен соққы болатынын да есте ұстау қажет. Екі сценарийдің қайсысы нәтижеге айналады? Бұл заң қабылдайтын саясаткерлердің қолында. Ережелерді реттеп, авторлардың құқығын қорғап, мәдениетіміз бен шығармашылығымызды қорғайтын ЖИ ортасын қалыптастыру аса маңызды», – деді конфедерация басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз