Қазақстанның оңтүстік астанасы Алматы ресми түрде әлемдегі ең лас ірі қалалар тізіміне енді. Бұл рейтингті Швейцарияның IQAir халықаралық компаниясы жүргізген. Зерттеуде көрсетілгендей, мегаполис алғашқы ондыққа кірген.
Алматы бірінші күні-ақ тізімнің 5-ші орнына жайғасқан.
«Бірінші күні Алматы топ-10-ға еніп, 17.00-де 5-ші орынға көтерілді. Біздің қала Карачи, Бағдад, Шанхай, Ташкент, Мумбай және Бішкек сияқты мегаполистермен бір қатарда тұр. Бесінші орында тұрған кезде Алматының ауа сапасының орташа көрсеткіші AQI (ауа сапасы индексі) 169 болды. Ластанудың бұл деңгейі «денсаулыққа зиянды» деп бағаланады», – деп хабарлады IQAir.
Әлемдегі ең ірі қалалардың рейтингіне шамамен 120-ға жуық мегаполис кіреді. Қалалар ауа сапасының индексі (AQI) бойынша бағаланады. Бұл мыңдаған бақылау станциялары мен сенсорлардан жиналған мәліметтер негізінде есептеледі.
Станцияларды мемлекеттік ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары, ҮЕҰ, компаниялар мен еріктілер басқарады. Айта кетейік, рейтинг сағат сайын жаңартылып отырады. Бұл ауа сапасының өзгеруін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Алматы халқы ауа сапасына шағымдануда…
Осыған дейін, Almaty Air Initiative қоры Алматы қаласының тұрғындары арасында ауа сапасы туралы сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, тұрғындардың басым бөлігі ауаның ластану мәселесіне алаңдаулы. Тұрғындардың жартысынан астамы (57%) кейінгі 2-3 жылда ауаның сапасы нашарлап кеткенін айтса, респонденттердің 40%-ы өз аудандарындағы ауаны нашар немесе өте нашар деп бағалаған.
Ауаның ластануы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Қаланың тұрғындары бас ауруы және шаршау (41%), тыныс алу проблемалары (35%), аллергия (34%) сияқты ауруаларға шағымданған. Тұрғындардың 66%-ы ауа ластануы балаларға қауіпті екенін, ал 45%-ы ересектерге зиян екенін алға тартқан. Дегенмен зерттеу нәтижесінде тұрғындардың көпшілігі ауаның сапасын қалай тексеруге болатынын білмейтіндігі анықталды: респонденттердің 74%-ы бұл туралы хабарсыз екен. Көпшілігі (40%) ауаның сапасын жеке сезімдеріне сүйеніп бағаласа, 25%-ы әлеуметтік желілерден ақпарат алады екен.