Қазақстандықтардың тұтынушылық шығындарының шамамен 50%-ы азық-түлікке және сусындарға жұмсалады. Бұл жайлы Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.
Сенатта парламенттік тыңдау барысында вице-премьер ел тұрғындары азық-түлікке аз ақша жұмсамайтынын айтады. Десе де, оның үлесі аздап төмендегенін атап өтті.
«Мәселен, 2022 жылы халықтың номиналды ақшалай кірісіндегі азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығыстардың үлесі 23,4 % болса, 2023 жылы ол 22,2%-ға дейін төмендеді. Оның 8%-ы нан өнімдері мен жарма, шамамен 17 % – ет, 5% —сүт және сүт өнімдері, 4 %- көкөністер, жемістер, қант пен кондитерлік өнімдер», — деді Жұманғарин.
Сондай-ақ Жұманғарин тұтынушылық шығындардың жалпы құрылымында азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығыстардың үлесі әлі де 50% шамасында қалып отырғанын айтады.
Осыған дейін Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттамайды деп айтқан болатын. Айтуынша, ішкі нарық әлеуметтік маңызы бар 10 тауармен толық қамтылған. Ал 14 түрлі азық-түлік өнімі бойынша 80%-ға қамтылған. Ал 5 азық-түлік тауары бойынша импорттық тәуелділік бар екен. Дәл осы импорттық тауарлардың қымбаттау тәуекелі бар.
Жалпы кейінгі бес жылда қазақстандықтар етті көп тұтынып, ал сүт пен сүт өнімдерін алуды азайтқан. Мәселен, жұмыртқа мен етті тұтыну тиісінше 4%-ға және 1,5%-ға өскен. Ал сүт және сүт өнімдерін тұтыну керісінше 10%-ға азайды. Көкөністер, нан-тоқаш өнімдері, жармалар, майлар 9%-ға, картоп 7% -ға төмендегені байқалады. Бірақ жеміс-жидек, қант және кондитерлік өнімдерді тұтыну көрсеткіші өзгерген жоқ. Зерттеуге сүйенсек, азық-түлік өнімдерінің көпшілігін тұтыну артқан кезең 2020 жылға келді.