Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл әскери жағдай жариялағаны үшін халықтан кешірім сұрады
Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Ёль импичмент туралы дауыс беруден бірнеше сағат бұрын алғаш рет ел халқына үндеу жасады. Шамамен 2 минутқа созылған сөзінде апта басында әскери жағдай енгізу туралы шешім қабылдағаны үшін халықтан басын иіп кешірім сұрады.
Корея президенті бұл қадамға бару оңай болмағанын және азаматтар алдында жауапкершілігін мойындады.
«Бұл төтенше әскери жағдайды жариялау мемлекеттік істерге толық жауапты тарап ретінде менің шарасыздығымның нәтижесі болды», — деп мәлімдеді президент.
Юн Сок Ёль екінші рет әскери жағдай енгізілмейтініне уәде берді. Сондай-ақ тұрғындарға «қолайсыздық» тудырғанын мойындап, саяси және құқықтық жауапкершіліктен қашпайтынын айтты.
«Мен қатты өкінемін және халықтан шын көңілден кешірім сұраймын», – деп мәлімдеді.
Президенттік мерзім кезінде жағдайды тұрақтандыруға бар күшін салатынын және болашақта мұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді. Сондай-ақ Юн Сок Ёл «қызмет мерзімі туралы мәселені» партияға тапсыратынын айтты.
Президенттің елдегі әскери жағдайды енгізуге қысқа және сәтсіз әрекетінен кейін Оңтүстік Корея оппозициясы импичмент жариялауға шақырды. Бұл рәсім басталды, дауыс беру осы демалыс күндері Парламентте өтеді.