Telegram басшысы Павел Дуров Париж сотында алғаш рет жауап берді
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров алғаш рет Париж сотында өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша жауап берді.
Францияның AFP 20Minutes басылымының хабарлауынша, жауап алу процесі 6 желтоқсан күні өткен. Дуров екі адвокаты – Дэвид-Оливье Камински және Кристоф Энгренмен бірге Париж сотына келген. Кәсіпкер журналистерге «Францияның сот жүйесіне сенетінін» мәлімдеді және іс бойынша қосымша түсініктеме беруден бас тартқан.
Адвокаты Давид-Оливье Камински Дуровтың Telegram арқылы жасалған қылмыстарға қатысы бар деген айыптауларды абсурдтық ұстаным екенін айтты.
Telegram басшысы Дуровтың ісі…
Еске сала кетсек, 24 тамыз күні Telegram мессенджерінің иесі – Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған болатын. Оны жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонған кезде Франция полициясы тұтқындады. 26 тамызда Париж прокуратурасы Дуровқа айып тағылғанын хабарлады.
Іс 8 шілдеде қозғалып, Франция прокуратурасы оған 12 қылмыс бойынша айып тақты. Соның бірі – заңсыз транзакцияларды жүзеге асыру үшін онлайн-платформаны басқаруда ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысу. Сонымен бірге уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тарту, ақшаны жылыстату және қылмыскерлерге криптографиялық қызмет көрсету секілді фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 28 тамыз күні Дуров 5 млн еуро кепіл төлеп, бостандыққа шықты.
6 қыркүйекте Павел Дуров Франция полициясы қамауға алғаннан кейін, алғаш рет мәлімдеме жасап, Франция билігінің «Telegram платформасы уәкілетті органдардың сұрауы бойынша заңсыз әрекеттерге қатысты ақпарат немесе құжаттарды беруден бас тартты» деген уәжімен келіспейтінін айтқан.
Француз тарапы Павел Дуров ресейлік өкілдермен байланысқа қызығушылық танытпайтынын жеткізген. Франция іс бойынша материалдарды ұсыну туралы сұраныстан бірнеше рет бас тартқан.
Ал Telegram Дуров ұсталғаннан кейін, киберқылмыс туралы тергеу сұрауларына жауап бере бастаған.