Жаңалықтар

Қайрат Шәріпбаевтың қызына тиесілі болған компаниялар қайтадан сатылымға шығады

Фото: kursiv.media архивінен

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы тағы да ауқымды электронды сауда өткізуге дайындалуда. Сауда-саттық e-qazyna веб-порталында өтеді.

Компания 10, 11 және 12-ші желтоқсан күндері Астана мен Алматыдағы қымбат нысандарды, жер телімдері және өзге де активтерді сатылымға шығармақшы.

Саудаға не шығарылады?

Мәселен, 10 желтоқсанда сауда-саттыққа Алматы қаласындағы өндірістік база шығарылады (Жетісу ауданы, Ратушный к-сі, 64Г). Бастапқы бағасы – 1 622 390 000,00 теңге, кепілдік жарнасы – 110 760 000,00 теңге.

11 желтоқсанда Алматы және Астана қалаларындағы жер телімдері, коммерциялық ғимараттар және әкімшілік нысандарды қоса алғанда, 7 түрлі актив саудаға қойылады.

Компания ұсынған мәліметке сүйенсек, бастапқы бағасы 3 720 606 400,00 теңге болатын комерциялық ғимарат Алматының Бостандық ауданында орналасқан. Оның кепілдік жарнасы 110 760 000,00 теңге болады.

Сондай-ақ дәл осы күні Бостандық ауданындағы әкімшілік ғимаратта ауцион арқылы сауда-саттыққа шығарылады. Ғимарат Алматының Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде орналасқан. Бастапқы бағасы 1 549 542 736,00 теңге, кепілдік жарнасы 110 760 000,00 теңге деп көрсетілген.

11 желтоқсанда Наурызбай ауданындағы Бәйтәк ықшам ауданында 1287Б телімін саудаға қою жоспарланған. Бастапқы бағасы: 1 557 424 872,00 теңге, кепілдік жарна: 110 760 000,00 теңге.

QazaqGaz компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевтың қызы Қорлан Шәріпбаеваға тиесілі болған қос компания қайтадан сатылымға шығарылады. Сауда-саттық 12 желтоқсанға белгіленген. 2 компанияның да 100 пайыз үлесі сатылады.

Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан «Zharkent Su» ЖШС бастапқы бағасы 593 млн теңгеден, 504 миллионға төмендеді. Бұл компания су жинау және таратумен айналысады. Жылу энергиясын өндіретін «Тұлпар» ЖШС-ның бастапқы құны –  1 004 752 815,00 теңге.

«Барлық объектілер ашық және бәсекелестік жағдайларда ұсынылады, бұл барлық қатысушылар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС барлық мүдделі тұлғаларды аукциондарға қатысуға және активтерді сатып алу мүмкіндігін пайдалануға шақырады»,- делінген хабарламада.