Жаңалықтар

Жетісу облысында қар жаууына байланысты Астана – Талдықорған рейстері кешігіп жатыр

Астана – Талдықорған бағытында ұшатын борт кідіріп жатыр/ фото: kursiv.media архивінен

Астана әуежайында ондаған жолаушы Талдықорғанға ұша алмай қалды. Бүгін Жетісу облысында қалың қар жауған. Күшті жел салдарынан әуежайға ұшақтар қона алмаған.

BES media-ның жазуынша, 13:15-ке жоспарланған Астана – Талдықорған рейсі Талдықорғандағы ауа райының қолайсыздығынан кейінге қалды. Қардың қалың түсуінен әуежайдың ұшу-қону жолағы ұшақтар үшін қолжетімсіз болды.

Журналист Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, Талдықорғанға таксимен жету үшін Алматыға келесі рейске 80 мың теңгеге билет алуға мәжбүр болған. Журналист бұл жағдайға көңілі толмайтынын, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке шағымданатынын айтты.

 «Жетісу» әуе компаниясының басшылығы рейстің кешігуі ауа райына байланысты болғанын, ал Талдықорған әуежайы ауа райының қолайсыздығынан ұшақтарды әлі қабылдай алмай отырғанын растады.