Башар Асадты тұтқындау үшін билікті басып алған күштер 10 млн доллар төлеуге дайын

Жарияланды (жаңартылды )
Башар Асадты ұстағандарға оппозиция 10 млн доллар төлейді/ фото: Omar Sanadiki/AP

Дамаск қарулы көтерілісшілердің иелігіне көшті. 20 жылдан астам уақыт ел билеген Башар Асад қаладан қашып шықты. Оның әуежайдан ұшақпен көтерілгені, одан кейін радардан жоғалғаны туралы хабар тарауда.

 13 жылға созылған азаматтық соғыстан кейін, Cирия жаңа дәуірге аяқ басып отыр. «Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған оппозициялық күштер Хомстан кейін Дамаскіге кірді. Оппозиция Башар Асадты тұтқындауға көмектескендерге 10 млн доллар беретінін мәлімдеді.

Сирия басшысының қазіргі жағдайы беймәлім. Reuters оның Ресейдің әскери базасына бет алғанын, діттеген жеріне 500 метр қалған жерде опат болғанын жазған. Әлі күнге ресми хабар тараған жоқ.

Дамаскті басып кіргендер теледидардан билік қолына көшкендерін жария етті.

Оншақты тұрғын елден кетуге әрекеттенді, бірақ астана әуежайын дүрбелең жайлап алған еді. Кейбір тұрғын Башар Асад режимінің құлағанына қуанып, көшеге шыққан.

Асад 2000 жылы билікке келген. Ол – Сирияны 1971 жылдан бері басқарған Хафез Асадтың ұлы. Башар – алавит ағымының өкілі. Алавизм көбінесе шииттік исламның тармағы ретінде сипатталады, бірақ ол эклектикалық дін және христиандық элементтерін қамтиды.

Асад әкесі сияқты саяси қарсыластарын аяусыз қудалады. Сирияда демократиялық институттарды жоюға атсалысты.

Сондай-ақ оқыңыз