Жаңалықтар

Трамп Украинадағы атысты тез арада тоқтатуды талап етті

Трамп Украина келіссөзге дайын деп мәлімдеді/ фото: Олег Никишин 

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Украинада «тез арада атысты тоқтатуды» талап етті. Жексенбі, 8 желтоқсанда өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Мәскеу мен Киевті мәмілеге келуге шақырды.

«Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтату үшін келіссөзге ұмтылуда»,  – деді Парижде Зеленскиймен кездескен Трамп. Кездесуді сенбі, 7 желтоқсанда Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырды.

Зеленский Трамппен сөйлескенде, Украина үшін «әділ бейбітшілік» пен «қауіпсіздіктің берік кепілдігін» талап еткен.

АҚШ-тың сайланған президенті Truth Social желісінде «Зеленский мен Украина мына ессіздікті тоқтату үшін келісім жасар еді» деп жазды.

«Тым көп өмір құрбан болды, тым көп отбасы қырылды, егер бұлай жалғаса берсе, оның салдары әлдеқайда үлкен және одан да жаман нәрсеге әкелуі мүмкін», – деп Трамп Украинадағы соғысты өршітуден сақтандырды.

Ол Мәскеудің Киевпен қақтығысқа байланысты Сирияны бақылауды азайтқанын, сондықтан президент Башар Асадты қорғауға мүдделі емес екенін айтты.

Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде Украинадағы соғысты 24 сағаттың ішінде аяқтайтынын мәлімдеді, бірақ әлі күнге дейін мұны қалай жасайтынын түсіндірмеген.