«Дружба» мұнай құбырының зақымдалған бөлігі қалпына келтірілді
Польшаның батысынан өтетін «Дружба» мұнай құбырының зақымдалған бөлігіндегі жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл туралы «Дружба» мұнай құбырына қызмет көрсететін PERN операторы хабарлады.
«2024 жылы 1 желтоқсанда Пниевы қаласында болған апаттан кейін, PERN батыс құбырының бірінші желісінің қалыпты жұмысын қалпына келтірді», – делінген компанияның сайтында.
«Дружба» құбыры учаскесіндегі апат 1 желтоқсан күні таңертең Польшаның Пневы қаласының маңында орын алған. Зақымдалған желі бойынша мұнай тасымалдау тоқтатылып, мұнай жеткізу екінші желі арқылы жалғасты.
Қазақстан «Дружба» мұнай құбырының солтүстік тармағы арқылы мұнай экспортын 2023 жылдың ақпанында қайта бастаған. Бұл құбыр арқылы Қазақстанның Германияға экспортталатын мұнайы тасымалданады. Биыл Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізу жоспарланған.
Энергетика министрлігі құбырдағы апат Қазақстанның мұнай тасымалдау жоспарына кері әсер етпегенін хабарлады. Өйткені апат болған уақытқа дейін бір айлық жоспар бойынша қазақстандық мұнай жеткізіліп үлгерген.