Астана LRT компаниясына тиесілі 50-ден астам жер телімі 15 млрд теңгеге сатылымға шықты
Астана LRT компаниясына тиесілі болған елорда маңындағы 50-ден астам жер телімі электронды сауда-саттық порталында сатылымға шықты.
Электронды сауда-саттық жүйесіндегі ақпаратқа сүйенсек, 54 жер телімінің жалпы бағасы 15,5 млрд теңгеден асады. Жер телімдері негізінен Сарыарқа ауданында орналасқан. Ең қымбат жер телімі 1 млрд 434 млн теңгеге, ең арзаны 483 мың теңгеге сатылымға шыққан. Аукцион Астана уақыты бойынша 10 желтоқсан таңғы сағат 10:00 болуы тиіс. Сауда-саттыққа қатысу бойынша өтініштер сағат 08:00 дейін қабылданады.
Жер телімдерінің барлығы қазір «City transportation systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестегіне тиесілі. Бұл компания 2011 жылы құрылған. Құрылған кездегі атауы Астана LRT болған. Жалғыз құрылтайшысы Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы. Компания 2020 жылы атауын ресми түрде «City transportation systems» деп өзгерткен.
Компания сайтындағы құжаттарға сүйенсек, ол қаладағы транспорттық инфраструктураны басқару мақсатында құрылған. 2020 жылы компания атауы өзгерген кезде оның жарғылық капиталына қатысты да өзгерістер болған. Алайда ашық деректердегі құжаттарда капиталдың қалай өзгергені туралы тармақ өшірілген.
Астана LRT компаниясы елордадағы LRT құрылысына жауапты болған. Бұл құрылыс Қазақстандағы «жемқорлық мемориалы» деген атпен танымал. Оны басқарған шенеуніктер шетелге қашып, сырттай сотталған болатын. Соңғы сот ісі 2024 жылдың қазан айында сотқа жіберілді.
13 жыл бойы аспалы метроның құрылысына соңғы екі жылдың өзінде ел бюджетінен 80 млрд теңге бөлінген. LRT құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс.