Сирия мен Израиль шекарасындағы қазақстандық бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ шешеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Голан жоталарындағы бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ шешеді
Голан жоталарындағы бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ шешеді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Сирия мен Израиль шекарасындағы Голан жоталарында қызмет ететін қазақстандық бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ шешеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, әзірге БҰҰ Голан жоталарындағы жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Алайда аймақта қандай да бір қауіп пайда болса, Қорғаныс министрлігі БҰҰ миссиясы қолбасшыларының келісімімен қазақстандықтарды эвакуациялайды.

Қазіргі таңда Голан жоталарындағы әскери қызметшілермен тікелей байланыс орнаған. БҰҰ күштері сириялық және израильдік тараптармен тұрақты байланыс орнатқан.

Голан жоталары – Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аймақ. Халықаралық ұйымдар бұл аумақ Сирияның бөлігі деп таниды. Дегенмен Сирия Голан жоталарының тек шығыс бөлігін бақылауда ұстап отыр. Басқа бөлігі Израиль қарамағында. 1981 жылы Израиль оның көп бөлігіне аннекция жасап алған. Осман империясы кезінде Палестина аумағы болған. Кейіннен британдық және француздық жер бөлісі кезінде Франция аумағына кіріп, Сирияның бір бөлігіне айналған.

Айта кетейік, Башар Асад билігі құлап, сириялық қарулы топтар Дамаскті басып алғаннан кейін АҚШ-тың қарулы күштері Сирия аумағында орналасқан «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) ұйымының (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) объектілеріне әуеден бомба тастады. Бір күн ішінде елдің орталық аймағында орналасқан 75 объектіге шабуыл жасалған. АҚШ президенті Джо Байден Сириядағы Асад режимінің құлауын «жақсы жаңалық» деп бағалағанымен, бұл террористік топтардың күшейіп кетпеуін қадағалайтын «қилы кезең» деп атап өтті.

Башар Асадтың өзі болса, отбасымен бірге Мәскеуге ұшып кеткен. ТАСС агенттігіне ақпаратты Кремль өкілдері растаған. 9 желтоқсанда Сирияның солтүстігінде Түркия билігі қолдау білдіретін «Сирия ұлттық әскері» қарулы тобы күрд қарулы күштерімен соғыса бастап, негізінен күрд халқының өкілдері тұратын Манбидж қаласын басып алғандарын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз